Шетелде заңды түрде жұмыс істеу үшін не білу керек? Қазақстандықтарға арналған нұсқаулық
Соңғы жылдары шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтардың саны артып келеді. Бірі жоғары жалақы іздесе, енді бірі жаңа тәжірибе жинауды көздейді. Алайда шетелге жұмысқа орналасу кезінде алаяқтардың арбауына түсу, заңсыз еңбек ету немесе еңбек құқығының бұзылуы сияқты тәуекелдер де бар. Сондықтан шетелге аттанбас бұрын бірнеше маңызды жайтты ескерген жөн.
Жұмысты қайдан іздеген дұрыс?
Мамандар ең алдымен ресми және тексерілген платформаларды пайдалануға кеңес береді. Қазақстанда жұмыс іздеушілер үшін Бірыңғай цифрлық жұмыспен қамту платформасы – Enbek.kz жұмыс істейді. Бұл жүйеде жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тікелей байланыс орната алады.
Егер жұмысқа орналастыру қызметін делдал компания ұсынса, оның заңды қызмет атқаратынына көз жеткізу қажет. Қазақстан заңнамасына сәйкес, жеке жұмыспен қамту агенттіктері азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру бойынша делдалдық қызмет көрсете алады.
Алаяқтардан қалай сақтануға болады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға жұмыс ұсынатын компания туралы толық ақпаратты тексеруге кеңес береді. Компанияның заңды мекенжайы, байланыс нөмірлері, электронды поштасы және қызмет бағыты нақты көрсетілуі тиіс.
Мынадай белгілерге назар аударған жөн:
- еңбек шарты ұсынылмаса;
- жоғары жалақы уәде етіліп, нақты міндеттер түсіндірілмесе;
- құжаттарды алдын ала тапсыру талап етілсе;
- жұмыс визасының орнына туристік визамен бару ұсынылса;
- делдалдар үлкен көлемде алдын ала төлем сұраса.
Мұндай жағдайлар еңбек саудасы немесе алаяқтық тәуекелінің белгісі болуы мүмкін.
Жолға шықпас бұрын қандай құжаттарды дайындау керек?
Шетелде мамандық бойынша жұмыс істеу үшін дипломдар мен сертификаттарды алдын ала заңдастыру немесе апостиль қою қажет болуы мүмкін. Бұл талап қабылдаушы елдің заңнамасына байланысты.
Сондай-ақ азаматтар:
- еңбек шартының көшірмесін алуы;
- жұмыс визасын рәсімдеуі;
- медициналық сақтандыру мәселесін нақтылауы;
- төлқұжат пен басқа құжаттардың көшірмелерін жақындарына қалдыруы тиіс.
Шетелде жүргенде нені ескеру керек?
Мемлекеттік органдар шетелге жұмысқа кетер алдында туыстарыңызға нақты мекенжайыңыз бен байланыс нөмірлеріңізді қалдыруға кеңес береді. Сонымен қатар Қазақстанның сол елдегі елшілігі немесе консулдығының байланыс деректерін жазып алу маңызды. Бұл мәліметтер migration.enbek.kz порталында жарияланады.
Егер жұмыс беруші жалақы төлемесе, құжаттарыңызды тартып алса немесе еңбек шартының талаптарын орындамаса, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне жүгінуге болады.
Қазақстандықтар жиі жіберетін қателіктер
- еңбек шартын толық оқымайды;
- жұмыс визасынсыз кетеді;
- жұмыс берушінің заңды мәртебесін тексермейді;
- құжаттардың көшірмесін сақтамайды;
- делдалдарға ресми түбіртексіз ақша береді.
Мұндай қателіктер кейін құқықтық мәселелерге әкелуі мүмкін.
Қазақстандықтар қай елдерде заңды жұмыс істей алады?
Қазақстан азаматтары шетелде тек жұмыс визасы мен ресми еңбек шарты негізінде заңды түрде еңбек ете алады. Қазір қазақстандықтар үшін сұраныс жоғары бағыттардың қатарында Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Германия бар.
Оңтүстік Корея
2026 жылы Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) бағдарламасына ресми түрде қосылды. Бұл жүйе арқылы қазақстандықтар өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Бағдарлама аясында жұмысшыларды іріктеу мемлекеттік органдар арқылы жүргізіледі, ал делдалдардың қатысуына жол берілмейді. Қазақстан азаматтарын бағдарлама бойынша жұмысқа қабылдау 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр.
Ұлыбритания
Соңғы жылдары қазақстандықтар Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыс бағдарламаларына белсенді қатысып жүр. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жеміс-жидек пен көкөніс жинау жұмыстарына сұраныс жоғары. Мұндай жұмыстарға орналасу үшін Ұлыбританияның Seasonal Worker визасын рәсімдеу және лицензиясы бар операторлармен жұмыс істеу қажет. Қазақстан билігі де еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау мақсатында Ұлыбританиямен ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Германия
Германияда инженерлер, медицина қызметкерлері, IT-мамандар және техникалық кәсіп иелеріне сұраныс жоғары. Бұл елде жұмыс істеу үшін жұмыс берушімен еңбек шарты жасалып, ұлттық жұмыс визасы рәсімделуі керек. Кейбір мамандықтар бойынша дипломды мойындату рәсімінен өту қажет. Қазақстан мен Германия арасында еңбек көші-қоны мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмыстар да жүргізілуде.
Ең бастысы – заңды жолмен бару
Мамандар айтуынша, қай елге барса да қазақстандықтар туристік визамен жұмыс істеуден бас тартуы керек. Заңды еңбек көші-қонының негізгі шарттары – ресми еңбек шарты, жұмыс визасы және қабылдаушы елдің көші-қон талаптарын сақтау. Бұл азаматтарды алаяқтықтан, жалақысыз қалудан және депортация қаупінен қорғайды.