Назира Байырбек: Шетелде оқу – өзге ортада пісіп-жетілу

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл мемлекеттік "Болашақ" халықаралық стипендиясына 5 қарашада 27 жыл толады. Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметіне сүйенсек, осы жылдар аралығында аталған бағдарлама бойынша 13 870 стипендия тағайындалыпты. Ал қазіргі уақытта 1199 стипендиат шетелде білім алып жатыр. Айта кетейік, 2014-2016 жылдары "Болашақ" бағдарламасына "Мәдениет және БАҚ қызметкерлері" деген санат енгізілді. Осы санат бойынша, БАҚ саласында еңбек етіп жүрген біраз журналистер де шетелде білімін жетілдіре бастады. Соның бірі, Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы, журналист, "Дарын" сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы, көпбалалы ана Назира Байырбек бүгінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тіл білімі курсынан өтуде.

– Назира, өзің білесің, 1993 жылы Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың қаулысымен құрылған бағдарламаның мақсаты – елімізге қажетті шетелдің үздік те таңдаулы жоғары оқу орындарынан білім алған жастардан кадр жасақтау болатын. "Болашақпен" оқуға түсуге не әсер етті, әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Cаналы адам білім мен ойдың да "тірі организм" екенін сезінсе керек. Оларды өсіріп, жаңартып отырмасаң, қажетке жараудан қалады. Яғни, рухани қанағаттандырмайды. Мен де соңғы жылдары өзімді заманнан қалып бара жатқандай сезініп жүрген едім. Қазақ журналистикасында біраз жыл қызмет еттім ғой. Әр жолы сәбилі болып, демалысқа барып келгеннен кейін жазуыма жаңаша сипат беріп, жаңаша бағытта жұмыс істеуге тырысатынмын. Бірақ, соңғы жылдары маған журналистика қызық болмай бара жатты. Кейде он, он бес жыл бұрын жазған тақырыптарыңды қайтадан қаузап жазасың. Бірақ, қанша жазсаң да, ешнәрсе өзгермейді. Кейде үш-төрт рет сұхбат алған адамыңнан қайтадан сұхбат аласың. Одан да баяғыдай рухани ләззат алмайсың. Сонымен, не де болса көптен көкейімде жүрген арманыма тәуекел етіп қадам жасап, оқуға тапсырып көрейін деп шештім. Бұл қадамға баруыма сол мен қызмет етіп жүрген уақытта газетімізге басшылыққа келген кісілердің қысымы да қамшы болды, оның несін жасырайын.


– Сен көпбалалы анасың, төрт-бес балаң бар. Оқуға дайындаларда істеп жатқан жұмысың да болды. Тіл үйреніп, емтиханнан қажет балды жинау қиын болған жоқ па?

– Қазіргі әлемге атақты бизнесмен Джек Маның "stay hangry and follow you dream" дегені бар ғой. Мен оны "арманыңа аш қасқырдай ұмтыл" деп түсінген едім. Маған тіл үйрену қиын болған жоқ. Өйткені, шынымен осы оқуға түсу, шетелде тұрып, журналистикада жүргенде жаныма маза бермеген ойлар мен армандардан алыстап, демалу туралы арманыма аш қасқырдай ұмтылдым. Жасы қырыққа таяған, отбасы, бес-алты баласы бар адамға тіл үйрену қиын болған шығар деп ойлайды көбі. Түк те қиын болған жоқ. Өйткені, мен ағылшын тілін жаныммен жақсы көріп оқыдым. Қазір де солай. Адам қандай істі болмасын жан-жүрегімен жақсы көріп қолға алса, биік нәтижеге жетпей қоймайды. Сен жүрегіңді ұсынған арман саған төрін ұсынады. Оның үстіне, мен тілді "жай болашақта керек болады" деп оқыған жоқпын, "алдағы үш-төрт айда IELTS емтиханын тапсырып, "Болашақпен" оқуға түсуім керек" деп оқыдым. Алдыңда жақын уақытта орындалуға тиіс үлкен мақсат болса, ол саған мотивация беріп тұрады. Ол саған стимул болады. Ал мен ол кезде ағылшын тілінен элементарий деңгейінде ғана едім. Сонымен, қысқа уақытта тілді меңгеріп, тиісті балды жинау үшін бар күш-жігерімді, тіпті барлық табысымды жұмсап, күн сайын үш сағаттан сабақ өтетін курсқа жазылдым.
Тағы бір маңызды нәрсе, тіл оқығанда "ақпараттық диетаға" отырып, тілден басқа мәселелерге мүлдем назар аудармадым, артық ақпарат қабылдамауға тырыстым. Бұл маған ойымды таза сақтап, оқығанымды жақсы сіңіруге ықпалын тигізді.

  

– Неге оқуға дәл Американы таңдадың?

– Шетелде оқу мен үшін білім алу ғана емес. Шетелде оқу – өмірлік тәжірибеңді дамыту, көкжиегіңді кеңейту, өзге ортада пісіп-жетілу. Осындай мүмкіндік беріліп тұр екен, адамзат қоғамының қай саласы бойынша да алда келе жатқан АҚШ-ты таңдауым заңды еді деп ойлаймын.

– Америкаға келгенде сендерді кім күтіп алды?

– Негізі, алдымен тіл курсында оқитын кезде тіл оқыту орталығынан аэропорттан күтіп алу, үй тауып орналастыру секілді қызметтер ұсынылды. Олар ақылы. Мен отбасыммен, балаларыммен бара жатқан соң, ол қызметтерден бас тарттық. Солай, Нұр-сұлтан қаласынан жалпы бір тәуліктей жол жүріп, алпауыт Американың аэропортына жеттік. Одан хостел жалдап, екі күн хостелде жаттық. Барған күннен қаланың картасын алдық, метромен жүріп пәтер іздедік. Осылай ешкімнің жетелеуінсіз, өзіміздің әлі де жетілмеген, шала-пұла ағылшыншамызбен қалаға үйренісе бастадық. Нью-Йорк - 9 миллиондай халқы бар үлкен қала ғой. Қаншама ұлт, қанша халық өмір сүреді. Мигранттары өте көп. Сондықтан "әлемнің астанасы" деп аталады. Міне, осы қалада жол тауып үйрену үшін бізге сан рет адасу қажет болды. Қазір, қаланы жатырқамайтын болдық.

– Қай сала сүйсіндірді?

– Американың "титулы" еркіндігі ме деп қалдым. Келгеннен байқағаным, мұнда адамдар өте еркін. Кім не кигісі келеді, кім қай тілде сөйлегісі келеді, кім қалай өмір сүргісі келеді – бәрі азаматтардың өз еркінде. Өйткені, қала қоғамы 800 тілде сөйлейді. Сен қалайсың ба, еңбек ет, табысың жоғары, жақсы өмір сүр. Қалайсың ба, еңбек етпей-ақ та қой, қайырымдылық мекемелері өте көп, соларға масыл болып, жан бағып жүре бер. Қысқасы, бәрі еркін. Ал осы еркіндіктің арасынан әркім өз ерік-жігеріне қарай өзіне лайық жолмен жүр.


Сосын мені қаланың әлеуметтік саласының дамығаны, көлік қатынасының соншалық реттелгені, қылмыстың аздығы, сақшылардың азаматтардың мүдесі үшін адал қызмет ететіні, елдің оларға сенетіні, құрметпен қарайтыны сүйсіндірді. Мен, мысалы бұл қалаға келген студент қанамын ғой. Бірақ соған қарамастан, балаларымды welcome family center мектептерге орналастырып, тегін қосымша сабақтарға, спорттық үйірмелерге жаздырды. Мектепте үш мезгіл тегін тамақ беріледі екен. Ол да мені таңғалдырды. Осы жылға дейін мен көпбалалы ана ретінде елден 10 500 теңге жәрдемақы алып келдім ғой. Ол менің балаларымның біреуін ағылшын тіл үйірмесіне беруге де жетпейтін еді. Ал Нью-Йоркте сабақтан тыс ағылшын тілін оқытып, қосымша сабаққа қатыстырып, үй жұмыстарына көмектесіп, спорттық үйірмелерге қатыстырып, біздің ата-ана ретіндегі көп міндетімізді жеңілдетіп беріп жатыр. Несін жасырайын, кейде іштей "Американың маған беріп отырған осы жақсылығын мен қайтара аламын ба" деп те ойлап қаламын. Әзірге балаларым спорттық сайыстырға қатысып, кішігірім жетістіктерге жетіп жүр. Кім біледі, алда жақсы жетістіктерге жетіп, ұстаздарын қуантар.

  

– Шетелдіктердің сана сезімі өзіңе қалай әсер етіп жатыр?

– Балаларымызды Америкаға барарда дайындадық. Үйде интернеттен әртүрлі материалдар көрсетіп, онда кімдер тұратынын, тәртіп қалай екенін аз да болса үйреттік. Содан болар, олар aэропорттан түскеннен мен ойлағандай айналасына аузы ашылып қараған жоқ. Бәрін бұрын көріп қойғандай қабылдады. Бірақ мен мәдениет пен тәртіптің алa-құлалығына іштей таңғалумен болдым. Мысалы, метрода әртүрлі адамдарды көресің. Біреулер құлақша тағып алып, музыка тыңдап, соған қосылып айғайлап ән айтып бара жатады, біреулер жер тепкілеп билеп отырады. Біреулер қайыр сұрап жүреді. Көшеде жатқан, үйсіз-күйсіз, бізше айтқанда, "қаңғыбастардың" кітап оқып отырғанын да аз көрмейсің. Сосын шашы шошайған, қыстыгүні жалаңаяқ, аяғына тәпішке кие салған адамдарды да көресің... Ең бастысы, осынша ала-құла болса да, америкалықтардың ешнәрсеге таңғалмайтыны таңғалдыратын... Қазір бойымыз үйреніп келеді. Балалар да ортаға үйренісіп қалды. Бірақ үйде қазақи тәрбиені жоғалтпауға тырысып жатырмыз. Сабақтан тыс уақыттың бәрінде балалармен бірге жүріп, оларға көңіл бөліп отырамыз. Ортаға бейімделу мен өз ұлттық қадір-қасиетіңді, ұлттық дәстүріңді сақтаудың арасында, шынын айтқанда, жол табу да оңай емес. Үнемі осы тақырыпта шағын, отбасылық "мәжіліс" өткізіп тұрамыз.


– Қазақстанға оралған соң балалар мектепке үйрене ала ма? Қазақстандағы білім мен Америкадағы білім сәйкес келе ме?

– Екі елдегі білім жүйесі де, тәртіп те сәйкес келеді деп айта алмаймын. Америкада мұғалімдер балалардың досы сияқты, тең дәрежеде сөйлеседі. Олар мектеп формасын кимейді, еркін киінеді. Бірақ, бұл тақырыпта елде оқыған, зиялы адамдар арасында пікірталас бар. Кейбіреулері мектеп оқушыларына бірыңғай форма кигізу олардың еркін тұлға болып қалыптасуына шек қою десе, кейбіреулер мектепте ортақ форма болуы керек деп есептейді. Сосын кейбір қосымша сабақтарды Америкада балалар өздері таңдайды, бұл да балаларды ерте жастан дұрыс таңдау жасай білуге үйретеді. Ал сабақтар ғылыми зерттеу секілді, өзгеше форматта өтеді... Қазір Қазақстанға барғанда мектепке қалай үйренетінін ойлағым келмейді. Өйткені, мен ешқашан балаларыма "тек беске оқы" деп шарт қойған емеспін. Бұл тұрғыда перфекционист болғым келмейді. Неге десеңіз, мен мектепте де тек "беске" оқып, университетті де қызыл дипломмен аяқтадым. Бірақ, кейін "үшке" оқыған адамдар маған басшы болды, "үшке" оқығандар менен гөрі жақсы тұрды. Сонда мектепте жақсы баға алғаннан пайда не? Ең бастысы, өмірге, заманға бейім болу керек деп ойлаймын. Америкада білім ортасына бейім болған бала заманға бейімделе алған бала деп есептеймін. Мен елге оралғаннан кейін де олардың еркіндігіне, таңдауына құрметпен қараймын.


– Көбі Америкаға кеткісі келеді, ол жақ "жұмақ" па?

– Мен де оқу бітірген соң Қазақстанда, қазіргідей жүйеде қызмет ететінімді ойласам, "шіркін, мен барғанша біршама өзгеріс болса ғой" деп армандап қаламын. Жаңа айттым ғой, оқуға кетуіме де бір жағдайлар қамшы болды деп. Айтайын дегенім, Американы көбі еркіндігі, демократиясы үшін жақсы көреді. Сені біреу әлеуметтік деңгейіңе қарай бағаламайтын, алаламайтын болса, сен өзіңді еркін сезінсең, рахат қой. Оның үстіне, елде кейбір мәселелерді көріп, кейде жаныңа батып, тынышың кетуі мүмкін, ал сыртта жүргенде олай алаңдамайсың. Сәл болса да, елдегі көңілің толмайтын мәселелерді ұмытасың.

Осы жерде айта кетейін, біз Нью-йоркке келген күні бір жігітпен таныстық. Ресейлік жігіт еді. Ресейде жап-жақсы жұмысы бар екен, бірақ жалақысын азсынып, Америкаға келіп, қара жұмыс істеп жүр. Негізі, қазір жұмыс визасын алу қиын, көбі туристік визамен келіп, заңсыз жүріп жұмыс істейді. Оларға ешкім кет демейді, бірақ Америкадан бір рет шығып кетсе, енді қайтып кіре алмайды. Заң бұзғаны үшін. Ал енді кім туған-туыстарынан қол үзіп, өмір бойы сыртта жүре алады дейсің. Сенің ол елде азаматтығың болмаса, бәрібір саған ол елде "екінші сортты адам" деп қараса... бұған да төзу оңай ма? Бұлай деп отырғаным, сен заңсыз жүргендіктен, Американың өз азаматтары секілді жақсы жұмысқа тұрып, жақсы айлық ала алмайсың. Ең төменгі жалақыны аласың. Бірақ, екінші жағынан, сол төменгі жалақының өзі қанша елдегі жалақымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Енді жаңағы ресейлік жігітке оралайықшы, ол бір әңгімесінде: "мен елге барып, өзімнің жап-жақсы жұмысымды істеуім мүмкін. Бірақ, жалақысы аз, мен отбасымды асырау үшін пара алып қоюым мүмкін. Одан да қолымды таза сақтап, Америкаға қара жұмыс істеп, көп табыс тауып жүре тұрғаным артық" деді...

Байқап отырғаныңыздай, елдің Америкаға кеткісі келетінінің ең басты себебі – жоғары табыс. Ол елдегі ең төменгі табысты алсаңыз да, сіздің табысыңыз күн көруге, тойып тамақ ішіп, дұрыс киініп жүруге, ақша жинауға жетеді. Солай болғандықтан да, тек Қазақстан азаматтары емес, әлемнің жүздеген елінен турист болып келіп, заңсыз қалып, осы  елде жұмыс істеп жүрген азамат өте көп. Олардың көбі ақшасын еліне салып тұрады. Елінен үй, машина алып, қаражат жинап барып қайтады. Бірақ осылай заңсыз жүргендіктен, оларға қайтып Америкаға кіре алмайды.

 

– "Болашақ" халықаралық бағдарламасы жеткілікті насихатталып жатыр ма?

– Егер бүгінге дейін жеткілікті насихатталған болса, мен, менің достарым, жалпы көп білімқұмар азаматтар "шетелде тек қана байлардың балалары оқиды" деген түсінікпен жүрмес еді. Бәлкім, кінә өзімізде шығар, біз шетелде оқудың жолдарын іздестірмеген шығармыз. Бірақ мен өз басым, айналамнан әріптестерім - Әділбек Жапақ, Әсия Бағдәулет, Гүлдана Талғатқызы, Ботагөз Маратқызы, тағы басқалар оқуға түскенге дейін "Болашақпен" шетелде оқуыма болады екен-ау деп ойлап көрмедім.

"Болашақ" бағдарламасы – қазақтың арманшыл, ізденімпаз, білімқұмар жастары үшін жасалған тамаша мүмкіндік. Елге де беріп жатқан үлесі мол. Бүгінге дейін "Болашақпен" қаншама адам оқып келсе, солардың әрқайсысы өзі оқыған елден жаңа ақпарат, жаңаша ойлау жүйесін, жаңалық, жаңа сана, тың серпіліс әкелді. Олардың әрқайсысы айналасындағы он шақты адамға ықпалын тигізді. Ол он шақты адам тағы жүз шақты адамға жаңа идеяны насихаттады, айтты. Ал "Болашақпен" оқып келіп, үлкен, жауапты қызметтер атқарып жүргендері қаншама! Олар бүкіл ұжымға ықпалын тигізіп жатыр. Бүкіл ұжымдық санаға серпіліс беріп отыр. Міне, осылайша ел, қоғамдық сана жаңара бермек. Мұның көбі осы "Болашақ" бағдарламасының жемісі.

  

Сенің жасың нешеде, отбасың бар ма, балаларың бар ма, әлеуметтік жағдайың қалай – ешнәрсеге қарамай, оқимын дегендерге мүмкіндік беріп отырған "Болашақ" бағдарламасын қарапайым азаматтар арасында көбірек айта беру керек деп ойлаймын. Тым болмағанда, мен секілді отбасы, ошақ қамымен жүріп, оқу жайлы арманынан алыстап қалған азаматтар, аналар көбірек білсе екен деймін. Қазірге дейін үш-төрт баласымен жүріп шетелде оқып келген замандастарымыз баршылық. Мен, мысалы, бес баламмен келіп отырмын Америкаға. Таяуда бір келіншек төрт баласы барын, "Болашақ" стипендиясын жеңіп алғанын, енді Америкаға оқуға келгелі отырғанын жазып, кеңес сұрапты. Осылай көпбалалы аналарға шетелде оқуға жол ашқан бағдарламаның болғанына қалай риза болмайсың. Төрт-бес баламен шетелге барып оқу, бұл бір адамның шетелге барып оқып келгеніне қарағанда әлдеқайда пайдалы деп ойлаймын. Ел үшін.

– Оқып келген соң не үлес қосар едің елге?

– Қазір мен білім алып, тәжірибемді дамытып жүрген ізденуші, "бақылаушы" ғанамын. Қазақстанда қазақ газеттері бетпе-бет келген кейбір мәселелер Американың баспасөзіне де тән. Мұнда да газеттерге жазылушылардың аздығы, газетке берілетін жарнаманың соңғы жиырма жылда 70 пайызға қысқарғаны, газеттің қаржыландыру көзін жоғалта бастағаны секілді проблемалар бар. Бұлар өздерінше шығар жол іздеп жатыр. Бірақ Америкада әу бастан нарықтық сана қалыптасқан ғой. Мұнда газеттер ертеден тәуелсіз болған, сондықтан еркін. Қазір, өз салама қатысты біртіндеп, танып, біліп жатырмын. Олардың кейбірі біздің елдегі жүйемен, біздің елдің жағдайымен мүлдем үйлеспейді. Бізде, мысалы, астанамызда бір миллионнан астам адам болса, Нью-Йоркте тоғыз миллиондай адам бар ғой. Осыдан да газеттің қанша оқырман жинай алатынын топшылауға болады. Бірақ, қазір ағылшын тілін екінің бірі біледі. Сондықтан, мұндағылар газет сайттарын ақша төлеп, жазылып барып оқитын етіп қойған. Тегін ештеңе жоқ. Газеттер қоғамда өте беделді. Тарихы да бай...

Қорыта айтқанда, кейін елге не апарар едім, журналист ретінде еліме қандай үлес қосар едім – қазір айта алмаймын. Мен оқуымды бітіріп барғанша, әлі мен не үйренемін, қандай деңгейге жетемін, елде менің қызметіме сұраныс қалай болады- оны да айта алмаймын. Тек айта алатыным, Әлихан Бөкейханов айтқандай, "шамам барда қазаққа қызмет еткім келеді".


Фото: автордың жеке мұрағатынан 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы