Мемлекет қандай жағдайда шетелде емделу ақысын төлейді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 мамырына дейінгі аралықта қорға 176,7 млрд теңге түсті. Оның ішінде, Түркістан облысы 9 млрд теңге жарна аударған. Бұл туралы брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев айтты.
Бұл аударымдар жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға, сондай-ақ жұмыс берушілерге тиесілі.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.
Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, медициналық сақтандыру қоры көпшіліктің назарына пайдалы кеңестерді ұсынып отыр. Соның ішінде, мемлекеттің азаматтарға қандай жағдайда шетелде емделу ақысын төлейтіні туралы айтып берді.
«Елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жоғары технологиялық медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Мемлекеттің тиімді әлеуметтік-экономикалық саясатының арқасында біздің елімізде әлі де жетілдірілмеген немесе көрсетілмейтін жоғары технологиялық қызметтерді алу үшін пациенттерді шетелде ем алуға жолдау мүкіндіктері жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама қиын ауруларға медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Асхат Асанұлы.
Егер әрбір азаматтың немесе оның баласының Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген аурулардың тізбесіне енгізілген аурулар болған жағдайда, бюджет қаражаты есебінен шетелде ем алуына мүмкіндігі бар дейді ол.
Еліміздегі медицина ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған. Бірақ емнің оң нәтижесі болмаған 18 жасқа дейінгі балалар және бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін жекелеген санаттарының тізбесіндегі ересектер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері емделуіне болады.
Олар қандай аурулар?
1. Мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ, кибер-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері.
2. Эндоваскулярлық емдеу үшін ми діңі, жұлын тамырларының артериялық-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер.
3. Трансоралдық алып тастау үшін бассүйек негізінің ісіктері.
4. Радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ кибер-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері.
5. Кератопротездеу.
6. Ересектер мен балалардың сүйек кемігін аутологиялық және туысқандық транспланттауды қоспағанда, тіндерді (тіндердің бөліктерін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды талап ететін аурулар, мөлдірқабықты транспланттау.
7. Өңеш стеноздары.
8. Трахея стеноздары.
Науқастың жоғарыда келтірілген тізімге кіретін ауру расталған жағдайда тұрғылықты жеріндегі бейінді маманға, бейінді республикалық денсаулық сақтау ұйымына жолдама алу үшін жүгінуіне болады.
Сәйкесінше, республикалық ұйым пациенттің құжаттары мен шетелде емделу қажеттілігі туралы қорытындыны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емдеуге жіберу туралы Жұмыс тобына енгізеді.
Науқастың құжаттар пакетін алған күннен бастап Жұмыс тобы шетелде емделуге өтініш берген науқастардың күту коды тізіміне пациент туралы деректерді «Күту тізіміне» енгізеді және шетелдік клиникалар іздестіруді жүзеге асырады.
«Шетелге емделуге жіберу туралы шешімді Қазақстан Республикасының азаматтарын жіберу бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Комиссиясы Жұмыс тобының жолдау маңыздығы мен кезектілікті есепке ала отырып ұсынған құжаттар пакетінің негізінде қабылдайды. Комиссияның оң шешімі қабылданған жағдайда Жұмыс тобы шетелдік медициналық ұйымдармен бюджет қаражаты есебінен медициналық қызмет көрсету үшін келісім жасасады», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры.