Бүгiн 2026, 10:10 Фото: Видеодан кадр

Шетелде діни білім алып келгендерді бақылау қажет – дінтанушы 

Оның айтуынша, әсіресе бакалавр деңгейінде немесе одан да төмен жастағы жастарды шетелге діни білім алуға жіберу мәселесі қоғамда бірнеше рет көтерілген.

Дінтанушы Кеңшілік Тышқан BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жастарды шетелге діни білім алуға жіберу мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, әсіресе бакалавр деңгейінде немесе одан да төмен жастағы жастарды шетелге діни білім алуға жіберу мәселесі қоғамда бірнеше рет көтерілген.

Себебі бұл жастағы жастардың дүниетанымы әлі толық қалыптаспаған. Санасы бекімеген адам қандай идеологияны қабылдаса, соны сол күйінде бойына сіңіріп келеді. Тіпті барған елдің мәдениеті мен сыртқы келбетін де қайталайды. Мысалы Пәкістанда оқығандар пуштун үлгісінде киініп келеді, ал Сауд Арабиясында білім алғандар араб киімін киеді. Яғни жергілікті идеология олардың дүниетанымына терең әсер етеді. Елге оралғаннан кейін олардың мемлекеттік ұстанымдарға көзқарасы қандай екеніне көп жағдайда ешкім мән бермейді, – дейді дінтанушы.

Сарапшының пікірінше, осыған байланысты шетелде діни білім алуға баратын жастарға қатысты бақылау мен іріктеуді күшейту қажет.

Мүмкіндігінше жастарды діни білім алу үшін шетелге жіберуде өте мұқият болған дұрыс. Алдымен бакалавр деңгейін аяқтап, дүниетанымы қалыптасқаннан кейін ғана мұндай білім алуға мүмкіндік берген жөн. Дегенмен бұл мәселені толық реттеу оңай емес. Себебі ол азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығына да қатысты. Кейбір адамдар діни білім алу үшін шетелге турист ретінде барып, қарапайым визамен қалып қоятын жағдайлар да кездеседі. Мұндай мысалдарды біз бұрын да көрдік. Сондықтан мәселені түбегейлі шешу қиын. Меніңше, шетелде діни білім алып елге оралған азаматтарға заңдық тұрғыда бақылауды күшейтіп, белгілі бір курстардан өтуді міндеттеу қажет болуы мүмкін, – дейді Кеңшілік Тышқан.