Шетелде 8322 қазақстандық дауыс берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нью-Йорк, Вашингтон, Оттавада сайлау учаскесі Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 17.00-де ашылды.
Шетелдегі сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-те дейін ашық болады. Бұл туралы ОСК брифинг барысында ҚР сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко айтты.
"Шет жұртта жүрген Қазақстан азаматтарының кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуын толық қамтамасыз ету мақсатында шетелде 64 сайлау учаскесі ашылған болатын. Біздің шекарадан тыс мекемелеріміздегі сайлау учаскелерінің болатыны туралы министрліктің, ОСК-ның, дипломатиялық өкілдіктеріміздің ресми сайтында және желідегі парақшаларында жарияланды. Сайлауға дауыс беруді шетелде ұйымдастыру үшін Сыртқы істер министрлігі тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы штаб құрды. 2019 жылдың 9 маусымындағы мәліметтерге сәйкес, шетелде сайлаушылар тізіміне 15 449 азаматымыз кірген. Шетелде дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр" - деді ол.
Сондай-ақ, вице-министр шетелдегі кейбір сайлау учаскелерінің Нұр-Сұлтан уақытымен енді ғана өз жұмысын бастағанын айтты.
"Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 19.00-де шетелде 8322 азаматымыз дауыс беріп үлгерді. Бұл шетелде дауыс беруі керек азаматтарымыздың 54,2% құрап отыр. ҚР Сайлау туралы заңнамасына сәйкес, сайлау учаскесі ашылмаған шет мемлекетте жүрген азамат басқа жақын елдің сайлау учаскесіне ҚР төлқұжатын көрсете отырып, дауыс бере алады. Шетелдегі сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден 20.00-де дейін жұмыс істейді. Уақыт айырмашылығына байланысты Азия елдерінде орналасқан сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Қазір санақ жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 17.00-де Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавада сайлау учаскелері ашылды. Шетелдегі учаскелердегі санақ аяқталған соң, ҚР СІМ есепті Орталық сайлау комиссиясына береді", - деді сыртқы ведомство өкілі.