Мемлекеттік қызметкерлерге 2 жылға дейін шетел көліктерін мінуге тыйым салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мемлекеттік қызметкерлерге шетелдік автомобильдерді сатып алуға екі жылға тыйым салу туралы мәселеге қатысты пікірін білдірді.

"Әрине, өзекті мәселе. Бірнеше  жылдан бері Кедендік одақтың аумағында, яғни ЕАЭО аясында "ұлттық режимнен босату" түсінігі қолданылады. Осы жылдар ішінде біздің бизнес-қауымдастық бұл мүмкіндікті қолданбады және пайдаланбады. Өткен аптада Үкіметте ұлттық режимнен босатуды белгілеу туралы қаулы қабылданды. Оған автомобильдер, трансформаторлар мен кабельдер кірді”, - дейді Аманияз Ержанов.

Оның айтуынша, бұл шектеу отандық машина жасау саласын қолдауға байланысты енгізіліп отыр. 

"Мемлекеттік сатып алу кезінде екі жылдық шектеу бар. Яғни тек отандық өнімдер сатып алынады.  Біз осы салалардағы кәсіпорындарымыздың дамығанын күтеміз. Кабель өндірісі бүгінде 80%-ға дейін өсті. Осы күні бізде Қарағанды, Павлодар, Атырауда ашылған кәсіпорындар үшін мүмкіндік бар. Олар қазір "Қазақтелеком" өткізіп жатқан талшықты-оптикалық байланыс желісін салу үшін өнімді сата алады", - деді вице-министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы