Өзбекстанда шетел азаматтарын тіркеу заңы жеңілдетілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік жауапкершілік жөніндегі заңға енгізілген өзгертулерге қол қойды.
Соған сәйкес, Өзбекстанда жүру тәртібін бұзған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ кісілер үшін айыппұл көлемі 10 есеге төмендеді.
Бұған дейін Өзбекстанда жүру тәртібін бір рет бұзғандар 67 доллар (25500 теңге немесе 636500 сомға тең) айыппұл төлеп, екінші рет тағы бұзса, үш жылға дейін Өзбекстан шекарасына кіру құқығынан айырылатын.
Өзбекстанға келген туристер 3 күннің ішінде жергілікті полиция бөлімінде тіркелуі керек. Өткен жылы мамыр айынан бері Өзбекстанға бір айға келген жандар үшін тіркелу біраз жеңілдетілген еді. Олар онлайн түрде "Emehmon" арнасы арқылы тіркеуге тұруға мүмкіндік алған болатын. Алайда, бұл елге ұзақ мерзімге тұруға келетіндер үшін әлі де қиындықтар бар. Әсіресе көп құжат талап ететіндері келушілердің ығырын шығарады.