Шерзаттың соты: Куәгер сөзінен айныды

Бүгін сот отырысында 32 жастағы Эльмира Нурбекова өз куәлігін жалғастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол – айыпталушылармен бірге Талғарда Шерзат Болат қайтыс болған оқиға орнына келген екі әйелдің бірі. Бұған дейін Нұрбекова сотта Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын және оның жерде жатқан Шерзаттың арқасына пышақ сұғып жатқанын көргенін айтқан еді. 

Алайда бүгінгі отырыста ол бұл сөзінен бас тартып, айыпталушының қолында пышақ болғанын енді есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді.

Прокурор Дана Сарсенбайдың сұрауымен куәгер сот залында Абзал Шынасылдың Шерзатты қалай ұрып-соққанын көрсетіп берді.

Сондай-ақ прокурор Нұрбековадан неге жедел жәрдем шақырмағанын сұрады.

Мүмкіндік болмады, сол сәтте қорқып қалдым. Талғарға жеткен соң бірден полицияға барып, бәрін айтып береміз деп ойладым, – деп жауап берді ол.

Прокурор оның бұл жауабына күмән келтіріп, егер жедел жәрдем шақырудан қорықса, онда қарулы ер адамдармен қалай қорықпай бірге жүргенін сұрады. Алайда куәгер бұл сұраққа жауап бере алмады.

Сот барысында прокурор Нұрбековадан, төрт баланың анасы ретінде жерде қансырап жатқан жасөспірімді көріп, анасының көмек сұрағанын естігенде ешқандай ішкі күйзеліс болмады ма деп сұрады. Куәгер болса не болып жатқанын түсінбегенін, сол сәтте шок жағдайында болғанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жоғарғы сот
Өзгелердің жаңалығы