Шерзат ісі: Желіде екіұшты бейнені таратқандар жазаланды
Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот процесінде айыпталушылардың видеосы желіге қалай тарағаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаулыны судья Ержан Жанұзақов оқыды.
Осы қылмыстық іс бойынша 29 сәуірде өткен тікелей эфирден кейін және кешегі отырыстан соң интернетте таралған күдіктілердің видеосы туралы жүргізілген қызметтік тексерістің нәтижесін жариялаймын. Қызметтік тексеріс барысында сот процесін онлайн трансляциясы бойынша таратылған техникалық қызметкерлердің трансляцияны уақытында тоқтатпағаны нәтижесінде күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды, - деді судья Ержан Жанұзақов.
Нәтижесінде техникалық қызметкерлер Рүстем Муксинов, Назира Оразәлиева және Сәуле Кайдагулова тәртіптік жазаға тартылды.
Кеше әлеуметтік желіде сот процесіне қатысушылардың бейнесін қамтитын екіұшты бейне тараған еді.
Осыған орай сот жекеше қаулы шығару қажет деп тапты. Прокурор заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауға тиіс. Іс бойынша шешімді тек сот қабылдайтынын еске саламын, - деп ескертті судья.