Шерзат ісі: Екі жақтан да кінә бар – Дархан Әскентай

Сотталушы Дархан Әскентай сотта жауап беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев сотта Дархан Әскентайға сұрақ қойды.

Сіздің қоңырауыңызбен Нұрбол және оның артынан бір топ жігіт дүкенге келмегенде сол күнгі төбелес “Қамажай” дүкенінің алдында болар ма еді? Қалай ойлайсыз? – деп сұрады адвокат.

Сотталушы Әскентай жігіттер жиналмағанда қайғылы оқиға болмас еді деді.

Олай болмас еді. Бұл жазым жағдай. Көшеде мұндайға ұрынып кететінімді мен қайдан білемін... Ол аяқасты болып кетті, - деді сотталушы.

Ол оқиға орнындағы азаматтардың көбімен бұрын-соңды таныс болмағанын айтты.

Оның сөзінше, Әскентай Азамат Тоқтаубаевпен 2016 жылдан бері таныс. Ол төбелес кезінде Азаматты да, екі қызды да байқамаған.

Сіздер бұл жерге (сотқа – ред.) ақты ақ, қараны қара деу үшін келіп тұрсыздар. Кінәміз бар шығар. Бірақ ол жақта да (жәбірленуші тарап – ред.) кінә бар. Екі жақтан да кінә бар екенін айтқым келеді. Әділ шешім болса деймін, - деді Дархан Әскентай сотта.

Еске салсақ, бүгіннен бастап сотта іске қатысы бар сотталушылар жауап беруді бастады.

Мемлекеттік айыптаушылар

Іс ауқымы – 62 том. Соған қарамастан, оны тек екі прокурор жүргізіп жатыр. Олар: 

• Ержан Құрақбаев – Алматы облыстық прокуратурасы басқармасының басшысы;
• Дана Сәрсенбай – Жетісу облысы, Талдықорған қалалық прокуратурасының аға прокуроры.

Сотта төрт жәбірленуші бар:

• Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов;
• Анасы Гүлбара Бейшембиева;
• Әжесі Жұмабике Қадырова;
• Марқұмның досы, Алдияр Махметтің заңды өкілі – Әйгерім Мұқатаева.

Айыпталушылар қатарында кімдер бар?

Қылмыстық іс бойынша 9 адамға айып тағылған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған. Істің басты фигуранттары:

1. Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі ("Адам өлтіру"), 24-бабы 3-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу"), 293-бабы 3-бөлігі ("Бұзақылық");
2. Равиль Сакиев – дәл осы баптар бойынша;
3. Азамат Тоқтаубаев – "Бұзақылық" және 188-бап 1-бөлігі ("Ұрлық");
4. Нұрбол Тоқтаубаев – "Бұзақылық";
5. Шыңғыс Белғожаев – "Бұзақылық";
6. Дархан Әскентай – "Бұзақылық";
7. Нұрқияс Ілиясов – "Бұзақылық";
8. Дидар Қалияхмет – "Бұзақылық";
9. Думан Ысқақ – 434-бап ("Қылмыс туралы хабарламау").

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жоғарғы Сот
Өзгелердің жаңалығы