Шерзат Болаттың үйін өртегендер неге әлі табылмады? – Бас прокуратура жауап берді
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың үйін өртеген күдіктілердің неліктен әлі күнге анықталмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Сараптамалар көп жасалды деп айта аламын. Бұл сараптамалар бойынша белгілі қорытындылар жасалды. Ол неліктен қазіргі сәтте тоқтап тұрғанын келсек, себебі біз Ресей Федерациясына халықаралық тергеу тапсырмасын жібердік. Спутник арқылы сол кезде қандай көліктердің болғанын қарағымыз келеді. Толықтығын зерттеу үшін... Сол себепті біраз уақыт қажет, - деп жауап берді Ғалымжан Қойгелдиев Сенаттың кулуарында тілшілердің сұрағына.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда жаппай төбелес болып, пышақ жарақатынан 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан болатын. Қоғамды дүрліктірген жасөспірімнің өлімінен соң арада бір апта өткенде оның отбасының үйі өртеніп кетті.
Аталған жағдайға Алматы облысының Полиция департаменті жауап берген еді.