Шерзат Болаттың өлімі: тергеу барысы қалай жүргізілді

Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың (Полат) өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Алматы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қылмыстық істің барлық материалдарымен тараптар танысты. Іс прокурорға сотқа жолдау үшін жіберілді, - делінген хабарламада.

Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктілердің айғақтарын оқиға орнында тексеру, беттестіру және қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері орындалды.

Қылмысқа қатысы бар барлық адамдарға құқықтық баға беру үшін 8 бейнематериал зерттелді.

Қылмыстық істің көлемі 62 томды құрады. Онда жиналған барлық дәлелдемелер, сараптамалық қорытындылар, сұрақ-жауап хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді. Барлық кезеңде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді, - деп қосты облыстық полиция департаменті.

Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда жасөспірім қатыгездікпен өлтірілді. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген кезде агрессивті сатып алушымен жанжал басталған. Сатып алушы таныстарына хабарласып, олар келіп, Шерзатты, оның әкесін және ағасын пышақ және мылтық қолданып соққыға жыққан.

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл істі бақылауға алды. Талғарға ІІМ-нің арнайы тобы жіберілді.

Алматы облыстық прокуратурасының мәліметінше, қылмысқа күдікті 10 адам ұсталып, сот оларды екі айға қамауға алды.

Шерзат Болаттың отбасына күзет қамтамасыз етілді. Кейінірек Шерзат Болаттың отбасы тұрған үй өртеніп кетті. Бас прокуратура үйді өртегендерді табуға уәде берді.

9 желтоқсанда Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған және хат қалдырған. 11 желтоқсанда Шерзат Болаттың әкесі 15 тәулікке қамауға алынды.

Бұған дейін интернетте "Қамажай" дүкенінде болған жанжалдың видеосы таралған еді. Бейнежазбалар дүкеннің ішіндегі және сыртындағы бақылау камераларынан түсірілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы