Шерзат Болаттың ісі бойынша тергеу аяқталды
Сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Өткен жылдың 4 қазанына қараған түні орын алған кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы шешім қабылдау үшін прокурорға жолданады,- деді Алматы облысының Полиция департаменті.
Еске салайық, Алматы облысында жаппай төбелес болып, Шерзат Болат қаза тапқаны жайлы жазған едік. Шерзаттың қазасына қатысты 5 бап бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Бұл оқиғаға байланысты 10 адам ұсталған болатын. Кейін полиция Талғардағы оқиғаның толық видеосын жариялаған еді. Кейін Марқұм Шерзаттың үйі өртеніп кетіп, ол жерден айғақ заттар табылған еді.
9 желтоқсан күні Талғар қаласының маңында Шерзат болаттың ағасының денесі табылды. Кейін өзіне қол жұмсаған Шерзаттың ағасы қоштасып жазба қалдырған хаты табылды.
Марқұм Шерзаттың әкесі 15 тәулікке қамалып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді.