Шертпе күйдің шеберлері арасында республикалық конкурс өтеді
Алматыда 1-3 желтоқсан аралығында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұйымдастырған шертпе күйдің үздік орындаушыларын анықтайтын ауқымды конкурс өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ даласының түгелдей дерлік өңіріне тараған көне дәстүрді қайта жаңғырту барысында өткізілгелі жатқан байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы шертпе дәстүрді меңгерген мыңнан оза шапқан шын таланттар қатыса алады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы оркестрі ұйымдастыратын республикалық конкурстың жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайды.
Республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалінің басты мақсаты – байырғы музыкалық мұраны дәріптеу, есімдері қазақ музыкасының тарихында алтын әріппен қашалған дәулескер күйшілер Тәтімбет пен Сүгір негізін қалаған шертпе күй дәстүрін халық арасында кеңінен тарату, дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандырып, оларға құрмет көрсету. Жастарды халық назарынан тасада қалып бара жатқан күйшілік дәстүрге баулу, дарынды музыканттарды анықтап, олардың кәсіби шеберлігін шыңдау, - деді Құманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметі.
Қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптейтін бұл шара еліміздің мәдени өміріндегі айшықты оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Халықтың ізгі дәстүрі — біздің ең асыл мұрамыз екені анық.