Шерағаның тойы көне шаһардан басталып, Жуалыда жалғасты
Халқының мұңы мен зарын айтып, намысы мен арын жыртқан Шерхан Мұртаза есімі қалың оқырманның мәңгілік есінде. Оның рухани мұрасы мен шығармалары ұрпақтан қрпаққа жетіп, ғасырдан ғасыр жасайтыны сөзсіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халық тұғырдағы Шерханмен қауышты
Халық жазушысының 90 жылдық тойы ең алдымен халықаралық Тараз инновациялық институтының алдынан бастау алды. Онда Шерхан Мұртазаның қоладан құйылған еңселі ескерткіші бой көтерген. Тастұғырды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Амалбек Тшанов, ғалым Ғарифолла Есім, ақындар Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ерлері Бақытжан Ертаев, Аягүл Мыразовалар бірге салтанатты жағдайда ашты.
Ескерткіштің ашылу рәсімінен соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жиынға, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арнап жазған құттықтау хатын оқып берді.
Хатта: «Шерхан Мұртаза қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Жазушы қаламынан туған туындылар өскелең ұрпағымен бірге жасай береді. Шерхан Мұртаза мұралары терең талданып, халқының қымбат қазынасына айнала беретініне сенемін!» деген жолдар бар.
Мұнан соң ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин сөз алды:
Бүгін Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі қаланған, Туы көтерілген көне Таразда біз рухани кеңістікте, қазақ ғұмырбаянында мәні мол, мазмұны терең мерекенің куәсі болып отырмыз. Бұл – Ұлы Шерханның рухына ғана емес, қазақ халқының байтақ тағдырына көрсетілген тағзым. Мәнді би, Тоныкөктің, Бәйдібек баба, Төле бидің әруағы қозғалып жатқан күн. Әлихан, Міржақып, Мұхаң мен Сәбең, Ғабаеңдердің рухы аунап тұрған күн. Тараздың төрінде дүниеге теңдік сұрап сөйлеген Шерхан Мұртазаға құрмет жасалып жатыр. Шер-аға жаңа дәуірдің қиын кезеңінде, Ұлы дала тағдыры батыс пен шығыстың қайшысына түсе бастаған тұста жазушылық, қайраткерлік міндетін адал атқарды. «Қызыл жебе» - жазушылық бейнесі. Журналистикада Шерханның шекпеніннен шыққан жаңа дәуірдің көркемсөз майталмандары қалыптасты. Тәуелсіздікке қадам басқан кездегі қателіктерімізді де батыл айтқан – Шерхан. Сол үшін Шер-аға Халық қаһарманы болуы керек еді. Бірақ, бүгін қоладан ескерткіш құйып, қазақ елі Шерханын қаһармандық биігіне көтерді. Осы ескерткіш жазушының қаһармандығына қойылған мәңгілік белгі. Осы орайда, еліміздің Президенті, аяулы перзенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, барша халыққа, жиналған елге рахметімді айтамын. Қазақ жұртына Мәңгі болу бақыты бұйырсын, -деді қаламгер.
Жиында Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев толғана сөйледі.
Біз бақытты халықпыз. Батырымыз Баукең бар. Бәукеңнің інісі Шәкең бар. Ақсақлдарымыз, жалынды жастарымыз бар. Ендігі мұрат – Қазақстанның осы еркіндігіне ие болып, ешкімге бермеу. Ел Президентімен бір сапта болып, алға жылжи беру, - деді батыр.
Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның биік тұлға Шерхан ағасына арнап оқыған өлеңі баршаны толқытты.
Осы басқосуда ақын Мұхтар Шаханов көпшілікке батасын берсе, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, белгілі ғалым Жаңғара Дәдебаев тартымды естеліктер айтты, мәнді-мағыналы ойларымен бөлісті.
Отызадан астам мектепте шерхантану пәні бар
Салтанатты рәсімнен соң көпшілік «Көне Тараз» этно-тарихи кешенінде өткен Халық жазушысының мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Конференция жұмысын аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов ашып, сөз сөйледі.
Қасиетті Әулиеата топырағы – текті тұлғалардың шоғыры шыққан аймақ. Жыр алыбы –Жамбыл, өнердің кені – Кенен... Міне, осы ардақты рухани тұғырдың биік шыңында даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза тұр. «Шерханның шекпенінен шықтық» деген азаматтардың өзі бүгінгі таңда белгілі тұлғаларға айналды. Біздің облыста Шерхан Мұртаза есімін ардақтауға бағытталған жұмыстар кеңінен жүріп жатыр. 2019 жылы Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы ашылды. Өздеріңіз бүгін көргендеріңіздей, халықаралық Тараз инновациялық институтына және Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Облыстың төрт орта мектебі Шерхан Мұртаза есімімен аталады. Өңірдегі отыздан астам білім ошағында шерхантану сабақтары өтіп жатыр. Аталған институтының құрылтайшысы Ерболат Саурықовтың қолдауымен Шерхан Мұртазаның бестомдық жинағы және «Ауылды, сені сағындым» кітабы жарық көрді. Себебі, Шерхан Мұртаза мұралары – жанымызға демеу, ұрпаққа ұран. Алдағы уақытта да жазушыға көрсетілер құрмет жоғары бола береді, - деді Нұржан Молдиярұлы.
Жалпы, конференция жұмысын Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жүргізіп, басқарып отырды. Басқосуда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың да құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Сенат депутаты Абдалы Нұралиев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан оқып берді.
Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдыралының сөзі елдің назарын аударды.
Наркескен тұлға Шерхан Мұртаза ең үздік дәстүрлерді дамытты. Еркіндіктің елең-алаңында Шераға стилі, Шерханның дауылпаздай сөзі шамырқантты. Халқымыздың біртуар перзенті Әбіш Кекілбайдың: «Шерхан сөйлесе, есіме Махамбет батыр түседі» деуі де бекер емес. Қандай биік баға?! Шер-ағаң сөйлегенде біздің есімізге Бауыржан Момышұлы түсетін. Шерханның «Қызыл жебесі» ұлт қайраткері Тұрарға ғана емес, Алаш ардақтыларына қойылған рухани ескерткіш. Біз Шер-ағаны бас редактор, жазушы, депутат болғаны үшін емес, еліне қалтқысыз қызмет еткені үшін құрметтейміз, - деді министр.
Мұнан соң сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді «Шерхан сирек туатын тұлға, нағыз сирек кездесетін жолбарыс» деп бағалады.
Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев пен өзге де азаматтар Шерхан Мұртазаның биік болмысын одан әрі асқақтатып, жазушылық, қайраткерлік, азаматтық асыл қасиеттеріне терең тоқталды.
Шерхан туған Талаптыдағы той
Мерейтой Халық жазушысының туған жері Жуалы ауданында жалғасты. Әуелі Талапты ауылында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның мемориалдық үйі ашылды. Мемориалдық үйдің ашылу рәсімін Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдыралы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұхтар Шаханов пен Мұқаш Ескендіров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген жасады.
Содан соң көпшілік мемориалдық үйді аралап көрді, көңілдері толды. Мұнда жазушының барлық шығармашылық мұралары сақталған. Түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар өтетін ыңғайлы мәжіліс залы да бар. Бұл үйді Халық жазушысының немере інісі Әлижан Мұртазаев басқарады.
Шара барысында тойға келген барша қонақтар мен жуалылықтарға дастархан жайылып, дәм беріліп, Шерхан Мұртазаның рухына арнап Құран бағышталды. Өңірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бағыштаған құранға барша көпшілік ықыласпен қол жайып, бет сипады.
Мерейтой кезінде Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры ел назарына Қуандық Қасымов әзірлеген «Шерхан» драмалық қойылымынан үзінді ұсынды. Шерханның кемел шағын сомдаған актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбековтың, замандасының рөліндегі, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлінің сахнадағы шеберліктері көпшілікті тәнті етті.
Мұнда да аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, қарымды қаламгер, марқасқа журналист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы – елдің тойы екенін айтты.
Шерхан Мұртаза есімі елдің жадында жатталғалы жарты ғасырдан асты. Шоқтығы биік Шерхан аға ешқашан көмескіленбейді. Сом алтындай жарқырай береді. Қасиетті Әулиеата өлкесі талай дүлділдер мен даңқты перзенттерді өмірге әкелді. Соның бірі – Шерхан Мұртаза. Шерағаның айналасы жұп-жұмыр тегіс келген әдемі әңгімелерінен бастап, романдарына дейін елдің олжасы, келешекке барар көркем дүние. Депутат ретінде де ақиқатты айтты, туралықтың туы болды. Белі бүгілмеді, шындық сөзі үзілмеді. Шераға шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Шығармалары – баға жетпес зор табыс. Еңбегі – ұшан-теңіз. «Қызыл жебе» романы арқылы ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловты халқымен қайта қауыштырды. Шер-аға сөзі – халқымызға рухани азық, - деді әкім.
Нұржан Молдиярұлы көпшіліктің алдында Шерхан Мұртаза тойына арналып өткен бірқатар шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін өз қолымен марапаттап, жүлде тапсырды. Сонымен, «Ақиқаттың ақ туы» атты шығармашылық бәйгеде бас жүлде Гүлзейнеп Сәдірқызына бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынға Қуандық Түменбай, екінші жүлделерге Көсемәлі Сәттібайұлы мен Серік Ақсұңқарұлы лайық деп танылды. Үшінші жүлдеден Елен Әлімжан, Анар Қоныс көрінді. Сондай-ақ, Ақылжан Мамытқа, Үміт Битеноваға, Қайыммұнар Табаевқа ынталандыру сыйлықтары берілді.
«Шынның жүзі – Шер аға» атты республикалық мүшайраның бас жүлдесін Баймаханбет Ахмет жеңіп алса, жүлделі бірінші орыннан жас ақын Табиғат Абаилдаев көрінді. Осылайша, үздік шығармашылық иелері марапатталды.
Мұнан соң ақын Мұхтар Шаханов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбаева, жазушы Елен Әлімжан сөз сөйлеп, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның биік болмысы туралы кеңінен әңгімеледі. Сәуле Мешітбаеваға Жуалы ауданның әкімі, Халық жазушысының немере інісі Жалғас Мұртаза сыйлықтар тапсырып, жылы сөзін арнап, құрмет көрсетті.
«Жай отынан жаратылған намысы» атты Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған Жамбыл облыстық ақындар айтысының бас жүлдегері Қанат Мырзахан мен бірінші орын иегері Дархан Әбдіманат тамаша айтыс жасады.
Мұнан соң Кенен Әзірбаев атындағы жергілікті филармонияның әншілері көпшілікке тамаша концерт ұсынды.