Шенеуніктердің құмар ойын ойнауына тыйым салу петициясы 50 мың дауыс жинады
Өткен айда epetition.kz ресми порталында шенеуніктердің құмар ойын ойнауына тыйым салуды талап еткен жаңа петиция пайда болған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде петиция 50 мың дауыс жинады. Демек былтыр қабылданған заңға сәйкес, бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралатын болады.
Петиция авторы – "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов. Өтініш Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне жіберілді.
Сыбайлас жемқорлық, ұрлық, қаржы жымқыру мәселелері шенеуніктердің құмар ойындарға қатысты пікірлерінің қалыпты екенін көрсетеді. Алайда лудоман шенеуніктердің мәселесі әлі шешілмей тұр. Мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа да күш құрылымдары қызметкерлеріне құмар ойындарға толық тыйым салынуы керек, – делінген петицияның сипаттамасында.
Мұндай тыйым сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.