Шенеуніктердің экологиялық жауапкершілігін күшейту ұсынылды
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Конституцияға экология саласына қатысты бірқатар маңызды нормаларды енгізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін бекітіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын нақты айқындау қажет.
31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын айқындауды, ал лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді қажет деп санаймыз. 61-бап бойынша Құрылтайға қоршаған ортаны қорғау заңдарын реттеу құзыретін беру бұл біздің экологиялық саясатымызға конституциялық күш береді деп білемін. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдындағы біздің жауапкершілігімізді нақты айқындайды, - дейді Егізбаев Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында.
Сондай-ақ депутат қаңтар айында «Ауыл» партиясының депутаттық тобы барлық 20 өңірді аралап, шаруалармен кездескенін сөз етті.
Тіпті ең шалғай ауылдардың өзінде тұрғындар Парламент пен Үкіметтің жұмысына мұқият назар аударып отыр. Ал Конституциялық реформа бойынша түскен екі мыңнан астам ұсыныс – жай ғана статистика емес. Бұл – қоғамның жаңаруға, демократиялық бастамаларды күшейтуге және әділдікке деген тікелей сұранысы. Халық күтіп отыр, халық сеніп отыр және бұл үміттерді ақтамауға құқымыз жоқ. Халықтың аманаты бізден құқықтық жүйені жаңартып қана қоймай, оған түбегейлі жаңа, заманауи мазмұн беруді талап етеді, - дейді Комиссия мүшесі.
Айта кетейік, қоғамда болашақ Парламенттегі депутаттар санына қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Алайда жұмыс тобы ұсынған 145 депутаттан тұратын құрам қазіргі саяси ахуалға да, қоғамның сұранысына да толық сәйкес келеді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлім етті.