Шектеу қойылған азаматтар әлі күнге дейін құмар ойын ойнап жүр – Нартай Аралбайұлы
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында шектеу қойылса да, азаматтар әлі күнге дейін құмар ойын ойнап жүргенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір бізде құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың тізімі бар. Оған борышкерлердің бірыңғай тізіміндегілер, өз-өзін шектегендер мен құмар ойын ойнауға шектеу қойылған адамдар кіреді. Бұл 3,5 миллионнан астам қазақстандық. Заңның қалыбы қатаң болып қабылданғанмен іске асыруға келгенде сылбырлық байқалады. Салдарынан шектеу қойылған азаматтар әлі күнге емін-еркін құмар ойын ойнап жүр, - дейді депутат.
Нартай Аралбайұлы осы үлкен кемшілікті түп тамырымен жою үшін Әділет министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің арасындағы ақпарат алмасу жұмысын тезірек интеграция жасау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, біртұтас жүйе болмай жұмыс өнбейді.
Еске сала кетейік, биыл 8 шілдеде “Ойын бизнесі туралы” заң қабылданды. 9 қыркүйектен бастап күшіне енді. Заңға сәйкес лоторея билеттерін сату аумақтары шектелді, SMS хабарлама арқылы ойынға шақыру, БАҚ құралдары мен сайттардағы букмекерлік кеңсе жарнамаларының жолы жабылды.