17 Қараша 2026, 14:12 Фото: Jacquelyn Martin/Getty Images

«Шексіз соғыс болмайды»: Вэнс Трамптың Иранға қатысты жоспарын айтты

АҚШ Иранмен қақтығысты ұзаққа созуды көздемейді. Трамп соғысты қалай аяқтамақ және Вашингтонның алдағы жоспары қандай?

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғысты аяқтауға ниетті және америкалық әскердің аймақта белгісіз мерзімге қалуын көздемейді. Бұл туралы АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс мәлімдеді. Вэнс бұл туралы Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, жеп жазды Anadolu Ajansı басылымы.

Вице-президенттің сөзінше, Иран мәселесіне қатысты өзінің және Дональд Трамптың ұстанымында ешқандай келіспеушілік жоқ. Оның айтуынша, АҚШ президенті әскери қақтығыстың шексіз жалғасуына мүдделі емес.

Трамп Иранға қатысты қандай шешім қабылдаса да, соғысты шексіз жалғастыруды қалайтын және одан да көп әрекетке шақыратын адамдар әрдайым табылады деп ойлаймын. Бірақ президент бұл қақтығыстың шексіз соғысқа айналуына жол бермейді, – деді Джей Ди Вэнс.

Ол Иранмен соғыс тіпті екі жылдан астам уақытқа созылмайтынына сенім білдірді. Вице-президенттің пікірінше, қақтығыстың 10-15 жылға жалғасуы туралы сөз болуы мүмкін емес.

Сондай-ақ Вэнс Вашингтонның аймақта белгісіз мерзімге қалмау жөніндегі уәдесін орындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Трамп соғысты америкалықтар үшін тиімді нәтижемен аяқтауға ниетті.

Сонымен қатар вице-президент Иранмен соғыстың АҚШ-тың ішкі саясатына да әсер етіп жатқанын жасырмады. Атап айтқанда, әскери қақтығыс аясында жанармай бағасының өсуі ел ішінде саяси салдар туғызып отыр.

Вэнс Қытайға қатысты Трамп стратегиясын қорғады

Сұхбат барысында Джей Ди Вэнс АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталды. Оның айтуынша, Вашингтон Қытайға тәуелділікті азайтып, ішкі өндірісті дамытуға басымдық беруі керек.

Вице-президент Қытайға қатысты қатаң саясат жүргізу міндетті түрде әскери күш көрсету немесе соғыс бастау дегенді білдірмейтінін атап өтті.

Қытайға қатысты қатаң ұстанымда болу – күш көрсету және соғыс бастау деген сөз емес. Бұл – АҚШ-тағы индустрияны қайта дамыту, – деді ол.

Вэнстің пікірінше, АҚШ-та ұзақ жылдар бойы жүргізілген экономикалық және өнеркәсіптік саясат Қытайдың позициясын нығайтып, америкалық мүдделерге кері әсер еткен.

Оның айтуынша, Дональд Трамптың Бейжіңге қатысты стратегиясы дипломатиялық өзара іс-қимылды, ішкі өндірісті кеңейтуді және елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайтуды қатар қамтиды. Вице-президент бұл тәсіл Вашингтонға жағдайды қайта бақылауға алуға мүмкіндік бергенін айтты.

АҚШ авиация инфрақұрылымын жаңғыртуға қаржы бөлмек

Джей Ди Вэнс сұхбат барысында АҚШ-тың авиация саласындағы инфрақұрылымдық мәселелеріне де назар аударды.

Ол 13 қарашада АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) жүйесіндегі ақау салдарынан ел бойынша әуе қатынасының уақытша тоқтатылуын еске салды.

Вице-президент бұл оқиға авиациялық байланыс жүйесінің осал тұстарын анық көрсеткенін айтты. Оның сөзінше, америкалық авиация қызметтері әлі күнге дейін шамамен 50 жыл бұрын әзірленген технологияларды пайдаланып келеді. Ал жауапты мекемелер ұзақ уақыт бойы жүйенің жұмысын уақытша шешімдер арқылы қамтамасыз етіп келген.

Вэнс инфрақұрылымды жаңғырту аса қымбат мәселе емес екенін, алайда оны қалпына келтіру үшін қайта инвестиция салу қажет екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол авиация саласындағы мәселелерді шешуге билік әрекет жасап жатқанымен, инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту үшін АҚШ Конгресі тиісті қаржы бөлуі керегін атап өтті.

Осылайша, вице-президент сұхбатында АҚШ әкімшілігінің сыртқы саясаттағы басымдықтарын, Қытайға қатысты экономикалық стратегиясын және ел ішіндегі авиациялық инфрақұрылымды жаңарту қажеттігін сөз етті.