Шекарасыз өмір: Астанада аутизмі бар балалар үлкен сахнаға шықты
Астанада аутизмі бар балалардың қатысуымен «Шуылдақ шыбын» инклюзивті спектаклі өтті.
4 сәуір күні Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасы бұл жолы ерекше мазмұнға ие болды. Мұнда аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) бар балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен «Шуылдақ шыбын» инклюзивті мюзиклі көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қойылым аншлагпен өтті.
Елордадағы көрсетілім Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ұйымдастырылып, Аутизм туралы ақпараттандырудың дүниежүзілік айы мен «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының 20 жылдығына орайластырылды.
Спектакльді 800-ден астам көрермен тамашалады. Сахнаға 84 қатысушы шықты, олардың қатарында 6 мен 19 жас аралығындағы 33 бала мен жасөспірім және олардың ата-аналары бар. Бұл – жобаның Астанадағы алғашқы көрсетілімі. Бұған дейін қойылым 2023 жылы Алматыда сахналанған.
Жоба Аружан Саин жетекшілік ететін «Мейірімділік» ерікті қоғамы («ДОМ»)» қорының «Аутизмді жеңеміз!» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Қойылым аутизмі бар балалардың әлеуметтік бейімделуі мен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған көпжылдық жұмыстың нәтижесін көрсетті. Сахнаға шығу көптеген қатысушы үшін маңызды белеске айналып, олар өз рөлдері арқылы көрерменмен байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Бұл – мамандар мен ата-аналардың жүйелі еңбегінің жемісі.
Астаналық көрерменге бұл қойылымды ұсыну – ерекше жауапкершілік. Театр бұл жолы тек өнер алаңы емес, актер мен көрермен арасындағы шекаралар жойылған кеңістікке айналды. Ең бастысы – көрермендердің аутизмі бар балалардың мүмкіндігіне деген көзқарасының өзгеруі, – деді Аружан Саин.
Қойылымда инклюзивті сахналық ортаға ерекше мән берілді. Декорациялар ата-аналардың қатысуымен жасалып, костюмдер балалардың сенсорлық ерекшеліктерін ескере отырып тігілді. Көркемдік шешім әр баланың әлеуетін ашуға бағытталды.
Спектакльге қатысу балалар үшін маңызды әлеуметтену кезеңі. Олар қарым-қатынас жасауды, өз эмоциясын білдіруді және ұжымның бір бөлігі болуды үйренеді. Менің қызым бұл қойылымда шегіртке рөлін сомдайды. Оның сахнаға қуана шығатынын көру – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді қатысушының анасы Сания Әбенова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, инклюзивті бастамаларды қолдау – қоғамда тұрақты әлеуметтік орта қалыптастырудың маңызды бағыты.
Әртістердің әрбір қимылы мен әр сөзінің астарында үлкен еңбек, төзім мен сенім жатыр. Осындай жобалар қоғамның жанашырлық деңгейін арттырып, жүйелі қолдаудың маңызын айқындай түседі. Соңғы 12 жылда қор еліміздің 12 өңірінде 13 «Асыл Мирас» орталығын ашты. Бүгінде олардың қызметімен 20 мыңнан астам бала қамтылған. Сонымен қатар сәуір айында дәстүрлі түрде «Аутизм. Баршамызға бір әлем» ақпараттық науқаны өтеді, – деді Қордың бас директоры Айнұр Кәрібозова.
Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар қоғамдағы инклюзия мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Олар тек шығармашылық бастама ғана емес, өзара түсіністік пен қабылдауды арттыратын маңызды әлеуметтік тәжірибе. Астанадағы премьера – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам.