Шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайы шешілмеген

Бұл туралы депутат Жанболат Жөргенбаев Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, 251 шекара бөлімшесінің тек 106-сы типтік кешенде, ал 145-і су, газ және электр қуатына қатысты проблемалары бар бейімделген ғимараттарда орналасқан. Осыған байланысты шекара қызметінде жүргізіліп жатқан реформалар мен әскери қызмет өткерудің жағдайын жақсарту бойынша қабылданған шараларға қарамастан, бұл проблемалар шекарашылардың моральдық-психологиялық жағдайына әсер етіп отыр.

Мемлекеттік шекара қызметтерінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссиямен тексеруді, «Жол картасына» енгізілген шекара басқармасының ғимараттары мен объектілеріне қатысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысын  қайта қарауды және шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын тиісті бағдарламалық құжаттар аясында жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп іске асыруды қамтамасыз етуді ұсынамын, - деді Жанболат Жөргенбаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Осы мәселелерді шешу үшін 2020 жылы тиісті Жол картасы құрылып, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжат жасалды. Алайда бұл мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ. Сенатор осы орайда еліміздің шекарасын қорғауға үлес қосып жүрген шекарашылардың жағдайын жақсартуды сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы