Шекарашылар заңсыз тауарлардың жолын кесті

Астана, BAQ.KZ. Бейнеу шекара отрядына қарасты «Тәжен авто» шекаралық бақылау бөлімшесінің шекара наряды 1994 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады, деп мәлімдеді ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Оның жекеменшік «Daewoo Nexia» автокөлігін тексеру барысында шекарашылар көліктің жүксалғышынан ешқандай рұқсат құжаттарынсыз 18 литр «Золотая Бухара» шарабын тапты. Тауар актіленіп, кеден қызметкерлеріне тапсырылды.

Сондай-ақ оңтүстік шекарадағы Қордай шекара отрядына қарасты «Қордай-авто» өткізу бөлімшесінде шекарашылар өзінің жекеменшік «Мерседес-бенс 230» автокөлігімен елімізден заңсыз жолмен 520 литр жанар-жағармай («АИ-92» бензині болуы мүмкін) алып шықпақ болған қырғызстандық азаматты ұстады. Азаматтан тәркіленген жанармай актіленіп, Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды.   

Сонымен қатар «Семей» жеке тексеріп-өткізу пунктінің «Ауыл теміржол» бөлімшесінің шекара наряды «Новосібір-Алматы» бағытындағы №301 пойызды тексеру кезінде, жолсеріктер купесінің жүксалғышынан заңсыз әкелініп жатқан, жалпы салмағы 40 кг тартатын, 20 атаудан тұратын биологиялық белсенді қоспалар өнімдерін тауып алды. Қазақстан Республикасы аумағына енгізуге және таратуға рұқсат беретін құжаттары жоқ бұл өнімдердің осы вагонның жолсерігі 46 жастағы Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі екендігі анықталды. Ұсталған азамат актіленген жүгімен бірге Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы