Шекарашылар мемлекетке келтірілер шығынның алдын алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау шекара отрядының «Құрманғазы-авто» бөлімшесінде заңсыз жолмен тасымалданып бара жатқан ірі көлемді темекі тәркіледі, деп мәлімдейді ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Шекара наряды таңғы сағат 4-тер шамасында Ресейге қарай «Атырау- Астрахань» бағытымен кетіп бара жатқан «Фрайтлайнер» жүк көлігін тексеру барысында жалпы салмағы 15 тоннадан астам, контрабандалық жолмен тасымалданып бара жатқан «MILANO» маркалы темекі өнімдерін тауып алды. Автокөліктегі жүктің құжаты «Тұрмыстық техника» деп көрсетілген.
Контрабандалық жүктің иесі 1964 жылғы, бұрын сотталған қазақстандық екендігі анықталды.
Ұсталған азамат заңсыз жүгімен бірге Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылатын болады.
Сонымен қатар өткен тәуліктерде Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына қарасты «Атырау» шекарашылар кемесі Каспий теңізінен жалпы ұзындығы 5000 м тор, көлемі 110*110 болатын екі дана торкөзді ау (ячья) тауып, жинақталған салмағы 138 кг бекіре тұқымдас балықтарды тірідей құтқарып, теңізге жіберді.
Дәл осындай «Жеңіс» атты шекарашылар кемесі ұзындығы 500 м калада, 250 ілмекті аулау құралдарын туып, жинап алды. Тірідей құтқарылған бекіре балықтары - 17 кг.
Осылайша, теңіз шекарашылары бір тәулікте судағы ел шекарасын күзете жүріп мемлекетке келтірілер 39 137 500 теңге шығынның алдын алды.
Сондай-ақ, Бейнеу шекара отрядына қарасты «Бейнеу-теміржол» бөлімшесінің шекара наряды «Бейнеу - Нүкүс» бағытындағы № 648 жолаушылар пойызын тексеру барысында вагондардың бірінің тамбурындағы жылу құбырларының бірінің астынан, қызметтік иттің көмегімен салмағы 70 граммға жуық марихуана есірткісін тауып алды. Ит табылған есірткі затының иесі ретінде жолаушылар арасынан 38 жастағы өзбекстандықты меңзеді. «Жолы болмай қалған» жолаушы пойыздан түсіріліп Маңғышылақ желілік полиция бөліміне тапсырылды.