Шекараны жабу Эболадан қорғамайды – ДДСҰ басшысы
ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус елге кіруге қойылатын шектеулер инфекцияның таралуын уақытша ғана баяулатуы мүмкін екенін айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола вирусының Конго Демократиялық Республикасы аумағында таралуына қарсы күресте шекараны жабу тиімсіз шара деп есептейді.
ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус елге кіруге қойылатын шектеулер инфекцияның таралуын уақытша ғана баяулатуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай шаралар Эбола вирусының таралу мәселесін толық шеше алмайды. Сондықтан ұйым Эболаға байланысты шекараны жабуды ұсынбайды.
Гебрейесус мұндай шектеулер қысқа мерзімді нәтиже беріп, бірнеше күн ұтуы мүмкін екенін, алайда індеттің таралуын тиімді тоқтатуға қауқарсыз екенін атап өтті.
ДДСҰ мәліметінше, Эбола вирусымен күрестің ең тиімді жолы – санитарлық шараларды жедел енгізу, медициналық бақылауды күшейту және індет ошағына шұғыл көмек көрсету.
ДДСҰ басшысының мәлімдемесі Африканың бірқатар елдері шекаралық бақылауды күшейткен кезеңде жасалды. 27 мамырда Уганда билігі Эболаның таралу қаупін азайту үшін Конго Демократиялық Республикасымен арадағы шекараны уақытша жапқанын хабарлады. Сондай-ақ Руанда да шекарасын жапса, Замбия өткізу бекеттерінде медициналық бақылауды күшейтті.