Шекаралардан алгоритмдерге дейін: Тоқаевтың басымдықтары және ҰҚШҰ-ның жаңа міндеттері
Қауіпсіздікке төнетін заманауи қатерлер әдеттегі әскери кеңістіктен тыс жерлерде жиі пайда болады. Кибератакалар, цифрлық алаяқтық, трансшекаралық қылмыстық желілер және жасанды интеллектіні қолдану мемлекеттер тап болатын тәуекелдердің сипатын өзгертуде. Мұндай жағдайда ұжымдық қауіпсіздік әскери дайындықты ғана емес, сонымен қатар сыни маңызды инфрақұрылымды қорғауды, жедел деректермен алмасуды және технологиялық мүмкіндіктерді дамытуды талап етеді.
Мәскеу саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық лаңкестік пен есірткі трафигіне қарсы күреспен қатар, жасанды интеллектінің өсіп келе жатқан әсерін ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті басым бағыттардың қатарында атап өтті. Бұл тәсіл Қазақстандағы ауқымды цифрлық өзгерістер аясында ерекше маңызға ие. Өйткені елде Цифрлық кодекс жұмыс істейді, «Digital Qazaqstan» стратегиясы жүзеге асырылуда және жасанды интеллектінің меншікті инфрақұрылымы дамытылуда.
Мемлекет басшылары қабылдаған ҰҚШҰ Декларациясы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жетілдіруді, киберқылмысқа қарсы тұруды және бірлескен арнайы операцияларды жалғастыруды көздейді. Бұл жерде жаңа тәсілдердің практикалық тиімділігі елдердің технологиялық ресурстарды, құқықтық тетіктерді және құзыретті органдардың жұмысын біріктіру қабілетіне байланысты болады.
Қазақстанның цифрлық саясаты ұжымдық қауіпсіздік үшін қандай мүмкіндіктер ашады, неліктен трансшекаралық қылмыс жаңа құралдарды талап етеді және Тоқаевтың ұсыныстары ҰҚШҰ аясында қалай жүзеге асырылуы мүмкін? Бұл туралы қазақстандық сарапшы, «Еуразиялық саясат институты» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Максим Крамаренко айтып берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу саммитінде жасанды интеллектінің өсіп келе жатқан әсерін ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту қажеттілігіне ерекше тоқталды. Бұл баса мән берудің ҰҚШҰ-ны дамыту үшін маңызын қалай бағалайсыз? Заманауи технологиялық қатерлер ұжымдық қауіпсіздікті түсінудің өзін қаншалықты өзгертеді?
– Бұл бағыт ұжымдық қауіпсіздік ұғымының өзін классикалық шекараларды күзету мен бірлескен әскери операциялар шеңберінен шығарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің әсерін ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті шынымен де лаңкестік пен есірткі трафигімен бір қатарға қойды. Өйткені заманауи технологиялық қатерлер қауіпсіздікке деген көзқарасты бірден үш аспектіде өзгертеді.
Біріншіден, бейбіт заман мен қақтығыс арасындағы шекара бұлдырай түсуде: құрлық шекараларын кесіп өтпей-ақ сыни инфрақұрылымға зиян келтіруге болады. Декларацияда кемелер мен порттарға, соның ішінде Каспийдегі нысандарға экипажсыз құралдардың шабуыл жасауына байланысты білдірілген алаңдаушылық та мұны растайды.
Екіншіден, аумақ пен әскер ғана емес, энергетика, көлік, қаржы, сондай-ақ ақпараттық кеңістік те қорғау объектісіне айналады.
Үшіншіден, бір елдің осалдығы өзге көршілеріне де автоматты түрде соққы болып тиеді. Өйткені өңірдің цифрлық жүйелері бір-бірімен тығыз байланысты.
Бастапқыда әскери сценарийлер үшін құрылған ҰҚШҰ үшін бұл қауіпсіздіктің жаңа өлшемдерін меңгеру қажеттілігін білдіреді. Әрине, бұл бір жылдың емес, алдағы бірнеше төрағалықтың еншісіндегі міндет екені түсінікті.
– Қорытынды Декларацияда ҰҚШҰ мемлекеттері ақпараттық-коммуникациялық технологияларды халықаралық реттеуді жетілдіру және киберқылмысқа қарсы тұру қажеттілігін атап өтті. Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту бағыты мұндай ынтымақтастық үшін қандай мүмкіндіктер ашады?
– Біздің елімізде бұл үшін салмақты база бар. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды, 12 шілдеден бастап азаматтардың цифрлық құқықтарын бекітетін, биометрияны реттейтін және алгоритмдік шешімдерді қайта қарау құқығын енгізетін Цифровой кодекс қолданыста.
Сонымен қатар, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілді. Жасанды интеллект және цифрлық даму саласындағы бейінді министрлік, Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеуде, KazLLM тілдік моделі дамытылуда.
Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен ақпараттық қауіпсіздік басымдығы Қазақстанның өз ішінде жүзеге асырылып жатқан нақты өзгерістерге сүйенетіні маңызды.
Яғни, мұнда Қазақстан тек пікірталас қатысушысы ғана емес, бұл сала қалыптасып келе жатқан нормативтік және технологиялық базасы бар мемлекет ретінде көрінеді.
Бұл Астанаға ұйымдағы әріптестеріне ұлттық заңдарды үйлестіру үшін дайын құқықтық модельдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақстандық алаңдарды бірлескен әзірлемелердің, киберқауіпсіздік аудитінің және бүкіл өңір үшін ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау базасына айналдыруға жол ашады.
– Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ халықаралық лаңкестікке және заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте күш-жігерді біріктіруге шақырды. Президент белгілеген басымдықтарды Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан қалай бағалайсыз? ҰҚШҰ-ның қандай тетіктері ең елеулі практикалық нәтижелерді қамтамасыз ете алады?
– Президент белгілеген басымдықтар нақты қатерлерді дөп басып көрсетіп отыр. Қазақстан транзиттік жолдардың тоғысқан жерінде орналасқан, ал Орталық Азия қауіпсіздіктердің бірыңғай кеңістігі болып табылады: Ауғанстанмен ортақ шекарамыз болмаса да, өңірдің оңтүстік шекараларынан келетін тәуекелдер бізге тікелей әсер етеді.
Владимир Путин өз сөзінде ауған бағытын басты назар аударатын тұстардың қатарында жеке атап өтті, ал Тәжікстанның 2027 жылғы алдағы төрағалығы бұл тақырыптың нақты ресурспен қамтамасыз етілу мүмкіндігін арттыра түседі.
Мұнда ең сезілерлік практикалық нәтижені әскери құрылымдар емес, күнделікті жұмыс жүргізіп, жедел деректермен алмасатын арнайы қызметтер, шекара, кеден және қаржы органдарының өзара іс-қимылы береді.
2022 жылдың қаңтарында біздің өтінішіміз бойынша Ұжымдық жедел күштер Қазақстанға келген кездегі тәжірибе бұл тетіктің дағдарыс кезеңіндегі тиімділігін дәлелдеді.
Бірақ лаңкестік пен есірткі трафигіне қарсы тұру күштік құрылымдардың күнделікті, жүйелі жұмысын талап етеді. Бұл кейіннен трансұлттық қылмыстық әрекеттердің жолын кесу бойынша түрлі операцияларда жүзеге асырылады.
Әрине, ҰҚШҰ аясындағы мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тиімділігі бірлескен қызметті жоспарлауға да байланысты, бұл Мәскеу саммитінде бекітілген ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі Антитеррористік стратегиясында өз көрінісін тапты. Сондай-ақ ТМД мен ШЫҰ-ның антитеррористік құрылымдарымен ынтымақтастықты дамытуға байланысты.
Мұндай үйлестіру қауіптерді Қазақстан шекарасына жетпей тұрып, алыс шептерде бақылауға мүмкіндік береді.
– Декларацияда «Канал», «Нелегал», «ПРОКСИ» және «Жалдамалы» («Наемник») бірлескен операцияларын жалғастыру көзделген. Мұндай тетіктер Қазақстан үшін қаншалықты маңызды және мемлекеттердің жедел мүмкіндіктерді, ақпарат алмасуды және әрекеттерді үйлестіруді біріктіруі қандай артықшылықтар береді?
– Тұрақты кешенді операцияларды жалғастыру туралы шешім саяси декларацияларды күштік және құқық қорғау органдарының күнделікті жұмыс жазықтығына ауыстырады.
Қазақстан үшін бұл форматтардың әрқайсысы тәуекелдердің өзіне тиесілі сыни учаскесін жабады: «Канал» опиаттардың дәстүрлі бағыттарын да, синтетикалық есірткі зертханаларын да жабуға мүмкіндік береді; «Нелегал» көші-қон ағындарын бақылауға және қылмыскерлердің елдің транзиттік дәліздерін пайдалануына жол бермеуге көмектеседі; «ПРОКСИ» операциясы қылмыскерлердің цифрлық инфрақұрылымына соққы береді, арбау, кибералаяқтық және есірткі сату жүретін зиянды ресурстар бұғатталады; ал «Жалдамалы» азаматтардың қарулы қақтығыс аймақтарына шығып кетуінің жолын кесіп, арбау желілерін залалсыздандырады.
Күш-жігерді біріктірудің басты артықшылығы бірыңғай ақпараттық-жедел кеңістікті құруда жатыр.
Өйткені, қылмыскер үшін шекара – картадағы сызық, ал тергеуші үшін – қабырға. Бірлескен операциялар бұл асимметрияны теңестіреді.
Әртүрлі елдердің шекара, көші-қон, қаржы және арнайы қызметтері деректермен тікелей алмасып, синхронды түрде әрекет еткенде, қатерге реакция жасау уақыты күрт қысқарады.
Трансшекаралық қылмыс өз басты артықшылығынан айырылады: юрисдикциялардың айырмашылығы мен ведомстволық кедергілер есебінен жауапкершіліктен қашып құтылу мүмкіндігі жойылады.
– Қазақстан өңірлік қауіпсіздік тетіктерін дамытуға қатыса отырып, бір мезгілде өз бетінше технологиялық өзгерістерді жүзеге асыруда. Бұл бағыттарды ҰҚШҰ аясында интеграциялау мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз? Президент Тоқаевтың Мәскеу саммитінде белгілеген тәсілдерінің тиімділігін қандай практикалық нәтижелер көрсете алар еді?
– Мұндай интеграция үшін әлеует бар. Мәскеу саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық басымдықтарды: лаңкестікке, есірткі бизнесіне қарсы күресті және ЖИ ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуды атап өтті.
Бұл тезистерді төрт шынайы бағыт бойынша дамытуға болады.
Біріншіден, компьютерлік инциденттерге ден қоюдың ұлттық орталықтарының тікелей өзара іс-қимылын жолға қою және сыни инфрақұрылымды қорғау бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өткізу.
Екіншіден, деректерді қорғаудың қатаң кепілдіктерімен, әрине, күдікті қаржы ағындары мен даркнеттегі белсенділікті іздеу үшін «ПРОКСИ» және «Канал» сияқты операцияларға ЖИ-аналитиканы енгізу.
Үшіншіден, қазақстандық технологиялық кластерлер базасында кадрларды бірыңғай даярлауды іске қосу.
Төртіншіден, АКТ және ЖИ реттеу тәсілдерін үйлестіру жөніндегі сараптамалық топ құру.
Мұндай жұмыстың тиімділігін нақты индикаторлар арқылы бағалауға болады: бірлескен кибержаттығулар өткізілді ме, ден қою орталықтары арасындағы деректер алмасу арнасы жұмыс істей бастады ма, қанша маман оқытудан өтті және трансшекаралық шабуылдарға реакция жасау уақыты қаншалықты қысқарды.
Бұл бағыттарды практикалық іске асыру үшін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті шешімі немесе жұмыс органдарына тапсырма қажет болады. Менің ойымша, мұндай бастамаларды ілгерілету үшін қосымша мүмкіндіктер Тәжікстанның төрағалық ету кезеңінде және 2027 жылы ұйымның мерейтойлық кезеңінде ашылады.