Шекарадан заңсыз өтпек болған: ҰҚК 508 млн теңгеден астам валюта анықтады
Декларацияланбаған валютаны алып өту әрекеттерінің жолы кесілді.
Он күн ішінде қазақстандық шекарашылар шекара арқылы валютаны заңсыз алып өтудің 59 әрекетінің жолын кесті. Табылған қаржының жалпы сомасы 508 миллион теңгеден асты. Бір ғана шетелдік азаматтан қолма-қол 200 мың доллар табылған, деп хабарлайды BAQ.KZ ҰҚК Шекара қызметіне сілтеме жасап.
Валютаны заңсыз алып өту деректері 16-25 қараша аралығында тіркелген.
18 қарашада Ақтөбе облысындағы шекарада Қазақстан азаматының жүгінен 4 441 500 рубль табылды. Бұл шамамен 23 миллион теңге.
Тағы бір жағдай 23 қарашада Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» өткізу пунктінде болған. Шетелдік азамат 200 мың АҚШ долларын – шамамен 91 миллион теңгені жасырын алып өтпек болған.
Аталған фактілер бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін тергеулігі бойынша құзыретті органға жолданды.
Қазақстаннан қанша қаржы алып шығуға болады?
ҰҚК Шекара қызметі республика аумағынан тыс жерлерге ҚР заңнамасында белгіленген сомадан жоғары қолма-қол ақша қаражатын әкетуге тыйым салынғанын еске салады.
Президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығына сәйкес, Қазақстаннан 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын алып шығуға тыйым салынған.
Сома шығу күніндегі Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша есептеледі. Бұл ретте кедендік декларацияның болуы да белгіленген тыйымды жоймайды.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдік азамат киімінің астына 70 мың доллар жасырып, ел шекарасынан өтпек болды.
Тағы оқи отырыңыз: