Шекарадан өту рәсімдерін барынша оңайлату керек – Дариға Назарбаева
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ресейге жасаған ресми сапарының аясында Рей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті.
Парламент Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін, оның ішінде екі ел парламенттерінің байланыстарын талқылады.Сенат басшысы Қазақстан мен Ресейдің бұрыннан келе жатқан көпқырлы әрі ең жақын қарым-қатынастары өзгеріссіз қала беретінін атап өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В. Путиннің өзара қарым-қатынастары айтарлықтай ықпал етті.
Дариға Назарбаева әңгіме барысында шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше тоқталып, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарадағы өткізу бекеттерінің мәртебесін арттыру туралы мәселені қарастыру жөнінде ұсыныс айтты.
"Шекара аймақтарында тұратын адамдардың мүддесіне орай шекарадан өту рәсімдерін барынша оңайлату керек. Бұл әлеуметтік-экономикалық және мәдени алмасудың дамуына оң әсер етеді, аймақтағы шағын және орта бизнестің өсуіне, ықпалдастық үдерістердің қарқын алуына серпін береді", - деді ол.Жоғарғы палата басшысы Қазақстан мен Ресей азаматтарының екі ел аумағында жүріп-тұру және болу жағдайлары мәселелерінде тепе-теңдіктің жоқтығына Ресей тарапының назарын аударды.
Қазақстан мен Ресей парламенттерінің жоғарғы палаталары басшылары экологиядағы өзекті мәселелерді, су пайдалануды тиімді реттеу және трансшекаралық өзендер ресурстарын пайдалануды да талқылады.
"Трансшекаралық Жайық өзенінің проблемалары әртүрлі деңгейде бірнеше рет қаралды, бірақ шаруа бір орыннан ілгерілемеді. Мемлекеттік органдардың өкілдері, алпауыт тұтынушылар, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ су үнемдеу және трансшекаралық өзендердің проблемаларын зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары құрамына кіретін әрі біздің елдеріміздің бюджетінен қаржыландырылатын бірлескен комиссия құру зор пайда әкелер еді. Бұл мәселеде қолдау көрсетуде Федерация Кеңесіне ризашылығымды білдіремін", - деді Дариға Назарбаева.Валентина Матвиенко өз тарапынан Ресей мен Қазақстанның достық және одақтастық қатынастары екі мемлекеттің дамуында маңызды екенін атап өтті.
"Мұндай кездесулерде біз парламенттік бақылауды талап ететін және жоғары деңгейде қол жеткен уағдаластықтардың Ресей мен Қазақстан азаматтарының мүддесіне орай жүзеге асуын қамтамасыз ету мәселелерін көтереміз", - деді Валентина Матвиенко.Федерация Кеңесінің төрағасы екіжақты қатынастардың экономикалық және мәдени құрамдас бөліктерін нығайтуда, өңіраралық байланыстарды кеңейтуде маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық байланыстарын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Валентина Матвиенко 2022 жылы Ресейде өтетін дінаралық және этносаралық диалог жөніндегі дүниежүзілік конференцияны дайындау жөнінде бірлескен жұмыстарды бастауды ұсынды, сондай-ақ Дариға Назарбаеваны 2021 жылы өтетін үшінші Еуразиялық әйелдер форумының тең төрағасы болуға шақырды.
Кездесу барысында Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкоға I дәрежелі "Достық" ордені табыс етілді. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екі жақты қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстан құс тұмауынан таза болып шықты
Келесі жаңалық
Исландияда жанартау атқылады
Өзгелердің жаңалығы