Шекарадағы рәсімдер жеңілдейді: Қазақстан мен Ресей жаңа жүйеге көшпек
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын 30 миллиард доллардан асыру, шекарадағы рәсімдерді жеңілдету және жүк тасымалын цифрландыру бағытында бірқатар жоба іске асып жатыр. Бұл туралы Үкіметаралық кездесу қорытындысы бойынша журналистерге пікір білдірген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы негізгі мақсат – сауда көлемін ұлғайтып, бизнеске кедергі келтіретін артық рәсімдерді азайту.
Басты мақсат – тауар айналымының көлемін 30 миллиард доллардан асыру. Ол үшін сауда-саттық үдерістерін цифрлық форматқа көшіру, қағаз құжат айналымын азайту және кедергі келтіретін тексеру шараларын алып тастау бағытында жұмыс жүріп жатыр, – деді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің сөзінше, қазір осы бағытта бірнеше пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап енгізілген навигациялық пломбалар жүйесі.
Енді екі ел арасында транзитпен өтетін автокөліктерге міндетті түрде навигациялық пломба қойылып, жүк қозғалысына онлайн мониторинг жүргізіледі. Соның арқасында физикалық тексерулер қысқарған.
Тағы бір бағыт – теміржол тасымалында қағаз құжаттардан бас тартып, электронды форматқа көшу. Бұл шешім рәсімдеу уақытын 30 минуттан 10 минутқа дейін азайтқан.
Қазір теміржол қатынасында қағаздан арылып, электронды форматқа көшу жобасы іске асып жатыр. Соның арқасында рәсімдеу процестері 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды, – деді вице-министр.
Сонымен қатар алдағы уақытта екі ел арасындағы тауар тасымалына қатысты барлық құжатты толық электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы 30 өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында өткізу жолақтары кеңейтіліп, тексеру процестерін жеңілдететін жаңа техникалық құралдар орнатылады.
Басты мақсат – тауар айналымын ұлғайтып, барлық процесті жеңілдету. Бизнес ешқандай артық кедергіге тап болмай, рәсімдеу рәсімдерінен тез өтуі керек, – деді Ержан Біржанов.