Өзбекстанмен шекарада халықаралық сауда орталығы салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақын арада оңтүстік бағытта ауқымды сауда жобасы – Өзбекстанмен шекарада "Орталық Азия" халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) құрылысын іске асыруға кірісеміз. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Бұл туралы бұдан екі жыл бұрын мемлекеттер басшылары деңгейінде уағдаластыққа келген болатынбыз. Ал нақты шараларды біз әріптесіміз – Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаковпен талқыладық. Наурыздағы әйелдер мерекесіне қарамастан бiз онымен келешек ХСЭЫО орны – "Жібек Жолы – Гишт Куприк" шекара бекетінде кездестік. ХСЭЫО – бұл Орталық Азия елдерімен сауда ынтымақтастығымыздың маңызды элементі. Мұнда тек көтерме-бөлшек сауда объектілері мен олардың инфрақұрылымы ғана салынып қоймай, сондай-ақ маңызды көлік-логистикалық орталық та құрылатын болады - деді министр.

Оның айтуына қарағанда әлемдегі экономикалық тұрақсыздық, бағаның төмендеуі, коронавирустың халықаралық саудаға қатерлері, туризмнің бәсендеуі жағдайында көршілермен сауданы қарқындату - дағдарыстық құбылыстарды бірге жеңудің ең оңтайлы тәсілі.

Бүгінде Орталық Азия - бұл 71 млн адамнан астам халқы бар серпінді өңір. ОА-да ішкі аймақтық еңбек бөлінісін үшін үлкен мүмкіндіктер бар, өңір елдері бір-біріне тиімді өткізу нарықтары болып табылады. Және біздің елдеріміздің қазірдің өзінде өзара белсенді ынтымақтастық жасауының да маңызы зор. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 5,1 млрд долларды құрады. Өзбекстан өңірдегі ірі сауда әріптесі болып табылады, Қазақстанның өңірмен өзара саудасының 60% - дан астамы оның үлесіне келеді. Өзара сауданың өсу қарқыны 2017 жылдан бастап жалғасуда және орта есеппен 30,7% - ды құрайды. Және бұдан бұрын айтылғанындай, өзара сауда өткен жылы төрт миллиардтық шектен асып, бес миллиардқа жақындап қалды. Осының өзі алмасатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді екі есеге көтеру міндетін қоюға мүмкіндік береді - деді ол.

Министр соған байыланысты ХСЭЫО құру біздің елдеріміздің экономикалық кооперациясын одан әрі күшейтуге әсер етеді дейді.

"Оңтүстік-Солтүстік, Солтүстік-Оңтүстік" дәлізінің маңызды жобаларының бірі болып табылады. Ол өңірден басқа елдерге бағытталған үлкен тауар құбырының бір бөлігі болмақ. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қазақстанда көтерме-тарату орталықтары мен агро-логистикалық орталықтар желісін қамтитын тауар өткізу жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде. Осыған ұқсас инфрақұрылым көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда да құрылуда. ХСЭЫО жобасын іске асыру Қазақстан үшін оңтүстікке қақпа ашып қана қоймай, осы мемлекеттердің үшінші елдерге, бірінші кезекте Ресейге, Еуропа мен Қытайға тауарларды бірлесіп экспорттаулары үшін бірыңғай тетік құруға мүмкіндік береді. Өйткені, ХСЭЫО-ға өте жақын 2 ірі агломерация – Шымкент пен Ташкент орналасқан. Тікелей жақын жерде ірі және дамыған инфрақұрылымдық тораптар – Сарыағаш темір жол станциясы, "Жібек Жолы" халықаралық өткізу бекеті, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы да бар - дейді Бақыт Сұлтанов.

Оның сөзіне қарағанда, бірлескен жұмыстың арқасында біздің елдеріміз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бірыңғай пулын құрып, экспортқа сапалы өнімді тұрақты жеткізуді қамтамасыз ете алады.

Тағы бірнеше күннен кейін мен Өзбекстанмен бірлескен үлкен жобаның іске асырыла бастағанын қуанышпен хабарлайтын боламын. Сонымен қатар, біз әріптестерімізбен ағымдағы мәселелер бойынша да әңгімелестік, олар: кедендік нормалар мен стандарттарды оңайлату және үйлестіру, кеден қызметтерінің ақпараттық жүйелерін біріктіру, шекарадағы өткізу пункттерін қайта құру және жаңғырту. Мұның барлығы тауарларды тасымалдау кезінде уақыты үнемдеуге және материалдық шығындарды қысқартуға ықпал етуі тиіс - деді сауда және интеграция министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы