3 Тамыз 2026, 18:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Шекарада 3,9 миллиард теңгенің тауарын заңсыз тасымалдау әрекетінің жолы кесілді

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2026 жылдың шілде айындағы жұмыс қорытындысын шығарды.

Бір ай ішінде ведомство қызметкерлері бес мыңға жуық құқық бұзушыны ұстап, тауарларды шекара арқылы заңсыз тасымалдаудың мыңдаған әрекетінің жолын кесті және Каспийдегі ондаған браконьерлік фактіні анықтады.

ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, шілдеде құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шекара кеңістігінде Қазақстан заңнамасын бұзған 4 975 адам ұсталды. Олардың басым бөлігі – 4 346 адам шетел азаматтары.

Есепті кезеңде шекарашылар мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың 2 476 әрекетіне тосқауыл қойды. Тәркіленген жүктердің жалпы құны 3,9 млрд теңгеден асты.

Атап айтқанда:

  • есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың 39 фактісі;

  • қару мен оқ-дәрілерді алып өтудің 88 фактісі анықталды. 108 бірлік суық қару мен 2 131 оқ-дәрі тәркіленді;

  • жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдаудың 1 808 фактісі. Тәркіленген ЖЖМ-ның жалпы көлемі 150 тоннадан асты, құны – 33,4 млн теңге;

  • жалпы құны 1,3 млрд теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдаудың 392 фактісі;

  • 2,1 млрд теңгеден астам сомаға валютаны заңсыз тасымалдаудың 149 фактісі тіркелді.

Бұдан бөлек, Каспий теңізінің акваториясында браконьерліктің 34 фактісінің жолы кесілді. 24,6 шақырым браконьерлік балық аулау құралдары, сондай-ақ жалпы салмағы 580 килограмды құрайтын 103 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Мамандардың бағалауынша, келтірілуі мүмкін залал көлемі 251 млн теңгеден асты.

Берілген құзырет шеңберінде ҰҚК Шекара қызметі 63 қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта бұл істер бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар өндірісте 4 295 әкімшілік іс бар. Олар бойынша жалпы сомасы 38 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Анықталған қалған фактілер бойынша материалдар процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.

Бұған дейін ҰҚК Шекара қызметі Қазақстаннан декларацияланбаған ақшалай қаражатты алып шығуға тырысқан 38 жағдайды анықтағаны хабарланған болатын.

Ведомство мәліметінше, 30 маусым мен 7 шілде аралығында шекаралық бақылаудан өту кезінде азаматтардан жалпы сомасы 636 млн теңгеден астам қолма-қол ақша табылды.

Ірі фактілердің бірі Жамбыл облысындағы "Қордай" автокөлік өткізу пунктінде тіркелді. Тексеру кезінде шетел азаматының жүгінен 350 мың АҚШ доллары табылды – бұл шамамен 170 млн теңге.

Барлық анықталған фактілер бойынша материалдар ары қарай қарау және процестік шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға тапсырылды.

Шекара қызметі Қазақстан шегінен тыс жерлерге қолма-қол ақша алып шығу кезінде заңнама талаптарын сақтау қажеттігін ескертті. Декларациялаусыз 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын соманы алып шығуға тыйым салынады.