Шекара мәселесі шешілді – Қырғызстан МҰҚК басшысы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан шекарасындағы мәселе оң шешімін тапты, эвакуацияланған тұрғындар ауылдарына оралады. Бұл туралы Қырғызстан МҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев мәлімдеді.
24.kg сайтының хабарлауынша, кеше тәжік тарапымен келіссөздер нәтижесіз өткен. Сол себепті қырғыз билігі Ош облысының Чон-алай ауданының бірнеше ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерлерге эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Кеше біз Тәжікстанның шекара маңындағы мәселелер жөніндегі мемлекеттік комиссиясының басшысы генерал-полковник Саймумин Ятимовпен келіссөздер жүргіздік. Кешегі келіссөздер нәтижесіз болды, сондықтан біз тұрғындарды эвакуациялауға мәжбүр болдық. Бүгінгі кездесу Бішкек уақыты бойынша сағат 13.00-де аяқталды. Мәселе оң шешімін тапты деп айта аламын. Біз бірлесіп 7-8 тармақтан тұратын хаттама қабылдадық. Біз оларды екі сағат ішінде жариялаймыз, - деді Қамшыбек Ташиев.
Ол қырғыз әскерлерін шығару, сондай-ақ эвакуацияланған тұрғындарды үйлеріне қайтару бойынша бұйрық шығаратынын айтты.
Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды бұзбадық және алдағы уақытта бірлесіп қабылдаған келісімдер шеңберінде әрекет етеміз, — деп түсіндірді Қырғызстан МҰҚК басшысы.
Еске сала кетейік, 4 маусымда қақтығыс жалғасып, Қырғызстандағы Чон-алай ауданының Унжу-Бұлақ ауылының тұрғындары эвакуацияланды.