Шегірткеге қарсы химиялық күрес жұмыстары 116 гектар жерде жүргізілді
Павлодар облысында шегірткелі зиянкестерге қарсы химиялық күрес жұмыстары 116 гектарлық аумақта жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Өңірдегі аумақтық инспекция мамандарының хабаралуынша, ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтіретін аса қауіпті ағзаларға қарсы шаралар толық орындалды.
Облыспен шекаралас жатқан аймақтар инспекцияның тұрақты бақылауында. Ресейдің Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесінің үш ауданымен бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілді. 55 мың гектар жер қамтылды. Сонымен қатар, Абай, Қарағанды, Ақмола облыстарының шекаралас аудандарымен де тиісті шаралар қолға алынды. Барлығы 10 мың гектар қамтылды. Бұл жерлерде шегірткелер мен өзге зиянкестерге байланысты фитосанитариялық жағдай тұрақты. Карантинге жатқызылған өнімді өткізу кезінде фитосанитариялық талаптарды бұзғаны үшін 113 заң бұзушылық анықталып, 12,6 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, - дейді салалық инспекция басшысы Арман Шүйкенов.
Өңірде соңғы жылдары карантиндік аймақтардың аумағы ұлғайып келеді. Мәселен, 2019-2020 жылдар арылығында облыс бойынша залалданған алқап 54 мың гектардан 64,4 мың гектарға ұлғайды. Дегенмен, ошақтарда химиялық өңдеу шаралары нәтижесінде көрсеткіш азайып келеді.
Бүгінгі таңда шекаралас аумақтарда бес фитосанитариялық бекет жұмыс істейді. Негізгі мақсат – облыс аумағына қауіпті зиянкестердің таралуын болдырмау.
Жұмыс қорытындысы бойынша екі мыңға жуық фитосанитариялық сараптама жасалып, сегіз карантинді нысан анықталды. Заңнаманы бұзған үш жүк көлігі кері қайтарылды. Көліктерде 65 тонна карантиндік өнім болғаны белгілі.