Шегірткеден шығын келген жоқ – Ауыл шаруашылығы министрі
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шегірткеден зиян келмегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шегірткеден келген зиянның есебі жасалды ма? Шаруаларға Үкімет есебінен қолдау көрсетіле ме? – деп сұрады БАҚ өкілдері Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан.
Министр шегіртке мәселесі бойынша барлық облысты аралап шыққанын айтты.
Шегіртке 2023 жылы 1,5 млн гектарға тарады. Былтыр препарат уақытылы алынбағандықтан 2,5 млн гектарға, яғни 1 млн-ға көбейіп кетті. Сондықтан күзде зерттеу жүргізгенде 2,5 млн гектарға препарат керек екенін түсіндік. Бірақ бекітілген бюджетте 4,2 млрд теңге ғана болды. Премьер-министр осы мәселені шешу үшін тағы 3,9 млрд теңге бөлді. Сол себепті бүгінде қаражат, препарат жеткілікті. 427 техника, 36 ұшақ жұмыс істеп жатыр, - деді Сапапов.
Ведомство басшысы бұл жұмысты өзі бақылап отырғанын айтты.
Бұл (шегірткемен күрес – ред.) жұмыс өте ауыр. Күндіз нәтиже болмайды. Сол себепті жұмыс кешкі 7-ден басталып, таңғы 9-ға дейін жүргізіліп жатыр. Жалпы бір ауылға кіріп кетті не шығын болды деген әңгіме жоқ. Жұмыс уақытылы жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді ол.
Айдарбек Сапаров елімізде жұмыс жақсы жүргізіліп жатқанымен, шекарадан қауіп бар екенін айтты.
Қазақстанда тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзбекстан жақтан қауіп болған, оларға хат жазып, министрімен сөйлесіп, техниканы жұмылдырып, шегіртке шықпауы үшін шекараға қойып қойдық, - дейді ол.
Министр шегірткемен күресте ведомство Ресеймен де бірлесіп жұмыс істегенін айтты.
Бүгінде шегірткеден келген шығын жоқ. Жаңа келген шегірткелерді уақытында залалсыздандырып үлгердік. Егер шығын болса, оның методикасын жасап, оны есептейміз, - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрі.