Тауға құс қайтып келмесе де, үні үзілмесін. Ұлытаулық шебер ерекше аспап дайындады

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жазылғандай, ұлттық жаңғыру – бұл ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. 

«Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Музыкa aдамның асқақ, асыл ойлары, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әртүрлі сезімдері бейнеледі. Тaрихи деректерге жүгінсек, халық өнерінің қоры шексіз де, музыкaлық aспaптaрдың түрі көп болған. Сол ұмыт болған қaзaқ хaлқының aспaптaрын қaйтa жaңғыртып, олардың кең түрде нaсихатталуынa еңбек сіңіріп жүрген шебер, музыкант Азамат Бақиямен тілдесіп көрген едік.

Бірінші өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Музыкалық аспап жасау отбасылық кәсіп пе?

- Мен 1992 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында дүниеге келдім. «Ұлытау - үш жүздің басын қосқан, ұлт ұясы» деп жатады. «Асан Қайғы тоқтаған жер, Жерұйығымызды тапқан жер», сондай бір киелі жерде туып-өстік. Тау баурайында тұрдық. Ата-анам да сол жердің тумасы, сол жерде қызмет атқарды. Менің әкем домбырада, гиатарада ойнайды. Атамның көзін көрген адамдар ол кісі қурайдан сыбызғы кесіп, дайындаған деседі. Алғаш қолымызға домбыра ұстатқан сол кісі. 

Музыкаға деген қызығушылық бала кезден болды. Ол кезде теледидарда ұлттық дүниелерді көрсететін арналар аз болды. QAZAQ TV-да «Батыр баян» сынды кинода Ноян деген інісінің қолында сазсырнай деген аспап болды. Мен сол аспапқа өте қызықтым. Менде сондай аспап болса екен деп армандадым. Ол аспап менің қолыма колледждің екінші курсында, яғни 16 жасымда бір-ақ тиді. Оған дейін өзім қолмен жасауға тырыстым. Бірақ болмады. Музыкаға солай қызығушылықпен келдім. Сәтбаев қаласында музыкалық мектепте, кейін музыкалық колледжге түстім. Бұдан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылдандым. Осы консерваторияда жүргенде аспап жасай бастадым. 

Әкем де, атам да қолынан іс келетін кісілер. Темір соғып, ағаш жонады. 

Есімде, бала күнімізде бүкіл ойыншықты атам ағаштан, машина болсын, айнытпай жонып, өзі жасап беретін. Сонымен ойнап өскен баламыз. 

Өзім «ХасСақ» ансамблінде ашылуынан бастап, бірінші дискісі шыққанға дейін сол жерде болдым. Содан кейін «мен аспап жасайын» дегендей рұқсатымды алып шыққан болатынмын. Өйткені ол жерде дайындығы бар, гастролі бар, концерті бар - өте көп уақыт алды.

Қандай музыкалық аспаптар жасайсыз?

- Біз үш ағайындымыз, үшеуіміз де аспап жасаймыз. Олардың да музыкадан хабары бар, барлық дерлік аспапты меңгерген. Әкеміз де көмектесіп отырады. Бүкіл аспап жасауға қажетті құралдарды әкем жасап, дайындап беріп отырады. Өзім музыкалық білімім болғаннан кейін аспапты жаңғыртумен көп әуестенемін. 

Ең алғаш жасаған аспабым сазсырнай болды. Консерваторияның екінші курсында жасаған болатынмын. Ұмытпасам, 2013-14 жылдары. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам сазсызнай жасадық. Арнайы тапсырыстармен жасатқан сазсырнайлар шетелге өте көп кетеді. Қазірдің өзінде әртүрлі шеберлердің  800-ге жуық сазсырнай түрі жеке қорымда сақтаулы. Бұлар бүкіл түркі халқында кездесетін сазсырнай түрлері және әлем бойынша кездесетін окарина тектес аспаптар. 

Қазір жасайтын аспаптарымыз: көне аспаптардан сазсырнайдың 11 түрі, олар: уілдек, тастауық, сазсырнай, шыңырау, құссайрауық, үскірік, қоссаз, қосуілдек деген сазсызнайдың бірнеше түрі болады. Қазақта көп аспапты мүйіз, сүйек, теріден жасаған. Солар мүйізсырнай, керней, бұғышақ, ұран. Ұрмалы аспап - дабылдың 17 түрі бар. Дабыл, даңғыра, кепшік, дудыға, шың, шыңдауыл, қолдабыл, жорықдабыл секілді аспаптардың барлығы шеберханада жасалады. Негізінен көп музыкалық аспап Қазақстан бойынша біздің шеберханада жасалады десем, артық айтқаным емес. Сазсырнай аспабы еліміз бойынша біздің шеберханада жасалады. Содан кейін домбыраның барлық көне түрі. Қазір біз білетін домбыра – тенор домбыра деп аталады. Оркестрдің домбырасы. Домбыраның өзін орындаушысына байланысты өңір-өңірге, өкіл-өкілге бөледі. Шеберханада ұрмалы, үрмелі аспаптар да жасалады. Шаңқобыздар, асатаяқ, сылдырмақ, тайтұяқ секілді аспаптар жасалады. Негізінде шеберханада 50-дей музыкалық аспап жасалады. Өзімнің санауымда қазақта 70-тен астам аспаптың түрі бар. Өте сирек кездесетін аспап мүйізсырнай, желбуаз, желқабыз сында аспаптар біздің шеберханамызда 2014 жылы жасалған болатын, қазір де жасалды. Бұл валынка секілді аспап - өте көне аспап. Жетігені бар, қылқобызы бар.

Қай аспапты жасау қиын? Бір аспапты дайындауға қанша уақыт кетеді? 

- Қол үйреніп алғаннан кейін аспаптарды жасау оңай. Тек аспап алғаш жасалған кезде қиын болып көрінеді. Оны қиын екен деп тастап кетуге болмайды. Қолды соған шыңдау керек. Аспап жасау барысында да музыкант ретінде өте қиын. Оны жасағанда қол, білекке күш түседі. Мен музыкант ретінде қолымды аспапқа үйрету үшін, бір күндей уақытым кетіп қалады. Домбыра, шаңқобыз ойнату үшін. Қолға жұмсақтау деген аспап - сазбен жұмыс істеу оңайырақ. Бірақ олардың дыбысын келтіру қиын болады. Ал қолға күш түсіретін аспаптардың дыбысын келтіру оңай. 

Мысалы, бір сазсырнайды жасау үшін 4-5 минуттай уақыт кетеді. Бұл - ең аз уақыт. Ал кей аспаптарға уақыт өте көп кетеді. Оны жайсын, желімдейсің, кептіретінің бар, соларды қосқанда бір аспапты жасау үшін бір ай уақыт кетіп қалатын аспаптар бар. Мысалы үшін нарқобызды жасаған кезде. Ағашты алдымен шауып қоясың, шапқаннан соң жарылып кетпесі үшін ағаштың суын аласың дегендей шаруалармен бір айдай уақыт кетіп қалады. 

Қазір музыкалық аспап жасайтын ағашты, материалды табу қиын дейді. Сіздер қайдан аласыздар?

Домбыраны бар материалмен, сол өңірдің материалынан жасайтын болған кезінде. Үлкен шебер Әділ деген кісі бар, сексеннен асып, тоқсанға таяп қалған ол. Соның еңбегінде аспапты жасағанда сол өңірдің дыбысын ашу үшін, сол өңірдің ағашын қолданамын деп айтқан. Қазіргі шеберлер полисандр, эбен деген Африкада өсетін ағаштарды табу қиын. Бірақ оны қолданбаса да болады. Ол жаңағы аспаптың көркін береді, ойыны қатты болады деген секілді. Ал былай өңірдегі ағашты қолдануға болады. Ескі үйлерді бұзған кезде, соның қабырғасында кеуіп тұрған 40-50 жыл бұрынғы ағаштарды табу қиын. Ондай ағаштарды да таңдай білу керек. Жарылмай, су тимей кепкен ағаштар болады. Ең көп таптырмайтын шырша ағаштары да болады олардың арасында.

Аспаптарды кім үшін жасайсыз? Жалпы өскелең ұрпақтың ұлттық музыка аспаптарына қызығушылығы қандай? Сатып ала ма? Жалпы сұраныс бар ма?

Қытайда тұратын қазақтар өте көп алады. Тіпті Қазақстаннан да көп алады. Бір алғанда сазсырнайдың 100-200 данасына дейін алып кетеді. Шетелдіктер сувенир ретінде алады. Егер үйренемін десе, оларға белгілі бір музакалық аспапты үйрететін YouTube арнасында арнайы видеолар бар, соларды көрсетеміз. Музыкалық аспаптарға деген сұраныс қазір өте көп. Осы уақытқа дейін домбыра өте кең таралған болатын. Одан кейін жетіген аспабы өте танымал болды. Сол секілді қазір сыбызға, сазсырнай, шаңқобыз секілді көне аспаптарға жастардың арасында қызығушылық өте жоғары. Музыкант ретінде әрбір аспапты сапалы жасауға тырысамын.

Жалпы осы қолөнершілерге мемлекет тарапынан қаржыландыру, қолдау бар ма?

 Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қандай да бір бағдарламаларға қатысып көрмеппін. Егер қолөнершілерге арналған мемлекеттік бағдарлама болса, алдағы уақытта қатысып көру керек. Өз тарапымыздан ұсыныс та жіберіп көрмедік. Ешкімге ешқандай реніш жоқ. Ең алғаш осы аспаптарды жасауды қолға алған кезде тегін конкурстар ұйымдастырып, 200-300 сазсырнай, сыбызғы аспаптарын тегін таратқан болатынбыз. Ол кезде өзіміз студентпіз, оқып жүрген кезіміз болатын. Осы аспаптар қазақ жеріне кең таралсын, білсін, көрсін деген ниет болды бізде. Конкурсымыздың атын «Сарын» деп қойып, келген адамдарды қабылдап, аспаптарды тегін таратып, Алматының маңындағы ауыл-ауылды аралаған болатынбыз. Ал шеберханаға қажет аспапты қаржы жинап алып, толықтырып отырамыз. 

Шәкіртіңіз бар ма? 

Мен 4 шәкірт дайындадым. Колледжге барып, сабақ беріп, шеберлік сағаттарын да өткізген едім. Ол жерде көбіне музкалық аспапты жасауға, оның өзінде көбіне домбыра жасауды үйретеді екен. Басқа аспаптарды білмейді екен. Сол жерден 4 шәкірт дайындап алған болатынмын.Оларды тек шебер болмаңдар, музыкалық білімдерін болуы керек деп үгіттеп, оқуға түсірттім. Бірақ балалар соңына дейін қалмай, тарап кетті. Негізінде шебердің музакалық білімі болуы шарт. Бірақ осыны айтқан кезде көп шебер маған ренішін білдіріп жатады. Өйткені домбыраның оюына, бояу-сырына қарап не болмаса мойнының түзу-қисығына қарап ол аспапты мықты аспап деп айтуға келмейді. Ол аспапта ойнай білу керек. Қай аспапты жасаған кезде шебер сол аспапта ойнай білмесе, ол - ағаш шебері.
Енді бір күтетінім, өзі бір іздеп келіп, менің бала кезімдегі сұрақтарды өзіме қоя алатын бала болса, қуана-қуана үйрететін едім. Шәкірт тәрбиелеуге ниеттімін. Бірақ, өкінішке қарай, өнердің қыр-сырын үйреніп, алып кететін шәкірт әлі кездестіре алмай жүрмын. Бірақ болашақта бола жатар деген үмітім бар. Өз білгенімді үйретуге қарсы емеспін. 

Сонда сіз ұстазыңызға қандай сұрақ қойып едіңіз?

Мен өте көп сұрақ қойдым. Үйренем, білем деген адамның сұрағы таусылмайды ғой. Мен аспаптарға қатысты барлық сұрақты қоятынмын. «Мүйізсырнай, желбуаз деген не? Отырар сазындағы бұрын болған музыкалық аспаптар неге жоқ» деген секілді сауалдарды сұрайтынмын. Егер сондай шәкір болса, мен оны шебер де, музыкант та, музыкалық аспаптанушы да, музкатанушы да бол деп көндіретін едім. Себебі өте керек мамандық. Бүкіл түркі елінде музыкалық аспаптар қатты дамыған. Мен бар түркі елдеріндегі аспаптарға мән беріп, қызығушылық танытып жүремін. Ең дегенде оларда 25-30 аспап бар. Бізде 70-тей аспаптың түрі бар. Бұл дүниеқоңыздықтан немесе аспаптардың саны көп екен деген мақтаннан емес. Біздің елде мәдениттің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.

Менің түсінігімде біреу сезімін әнмен не өлең жолдары арқылы жеткізе алады, ал сөз жеткізе алмаған жерде, Генрих Гейне айтқандай, «адамның сөзі біткен жерде, музыка басталады». 

Менің түсінігімде аспап арқылы айтар ойымды жеткізе алсам және оны сіз түсіне алсаңыз, ол бір бөлек деңгей. 

Біздің тарих құймақұлақтықпен жеткен. Шал немересіне айтты, ол өскенде өзінің немересіне жеткізді. Мысалы, осы күйшілік, жыр-дастандардың өзі құймақұлақтықтың арқасында жеткен. Ол күйшілікте осы құймақұлақтықты дамытатын әдіс, құпия бар. Мысалы, күй тартыс деген бар. Екі адамның күй тартысқан кезде, бірінің күйін бірі іліп әкету деген. Бірі ойнап, екіншісі соны қайталап бере алса, оны халық та түсінетін болған. Ол деген адамның құймақұлақтығы. 

Қазірдің өзінде ұстазы отырып шәкіртіне үйреткеннің өзінде екі-үш айлап қайталап, айтқанның өзінде ұмытып қалып жатады. Бес минуттық хабар, бес минуттық көңіл-күй, қуаныш қазір.

Тарихтың бір бөлшегі бізге сол құймақұлақтықпен жеткен. Соны дамытатын бірегейі осы музыкалық аспаптарда күй орындау. Адамның есте сақтау қабілетін дамытады. Сондай тәсілдің бізде 70 шақты түрі болған деген есебін де қарау керек. Бір валынканың бізде мүйізсырнай, тұлыпсырнай, желібуаз, желіқабыз деген төрт түрі болған. Олар әлемде ысқышты шығарған Орта Азия деп мойындайды да, Қорқыт ата дейді. Менің шеберханамдағы 1000 шақты аспаптың барлығы қазақтікі емес. Ол жерде түркі тілдес аспаптардың «туыстарын» жинаймын. 

Жасырып кеткен сазсырнайларды тапқан адам бар ма? 

Мен шеберханамда ұмыт болған аспапты жасаймын да, соны бір белгілі солистке немесе ансамбльге сыйға тартамын. Тек бір шартым болады. Ол кісілер сол аспапқа арнайы шығарма жазу керек және оны ел арасына тарату керек. Оның құны сол. Осының барлығы қазақ аспаптары ұмыт болмасын, халық арасына кеңінен таралсын деген оймен жасалады. 


Жаңағы сазсырнаймен тауда ойнаған күні жел соғып тұрды, соның өзінде таудан-тауға жаңғырған дыбысы болды. Адамның дауысы, тональность жоғарылаған сайын жаңғырық жақсы болады. Жуан дауыспен айқайлағаннан гөрі, жіңішке дауыс тауда жаңғырады.

Сазсырнайларды тығып кеткен себебім, тауып алған адам ермек қылып ойнасын, тауға құс қайтып келмесе де, үні үзілмесін деген ой болды. Бір адам жасырып кеткен сазсырнайды тауып алды.  

Жалпы музыкалық аспап жасап, сатып күнкөруге бола ма? Әлде қосымша тағы жұмыстар істейсіз бе?

Қазіргі таңда болатын секілді. Менде ең көп тапсырыс сазсызнайға келіп түседі. Аспаптан түсетін табыс жетерлік. Бірақ шеберханамды, аспаптарымды елге танымал ету үшін де көп еңбектендік, оның өзіне он жылдай уақыт кетті. Соның маманы болатын болса, іздеп келетін кісілер өте көп. Қосымша тағы филармонияда жұмыс істеймін. Ансамбльде музыкантпын.

 Ортеке байқауын ұйымдастырып жатыр екенсіз. Осы жөнінде айта кетсеңіз.

«Күйшілікке бір қадам» деген тақырыпта ортеке аспабын алдым. Ол конкурсқа қатысу үшін тіркеліп, ақша төлемейсіз. Тек бір күй шығару керексіз. Қазір күй шығаруға көбі ұялады. Ұстазынан ұялады, қатарластарынан ұялады «мен күйші емеспін ғой» деп. Конкур шарты бойынша аспап алу үшін бір күй шығарады. Сосын әділқазылар алқасы бағасын береді. Біз оған Ортеке береміз. 

Қытайда қуыршақ театры бар. От жағып қойып, әйнекке қуыршақтарды ойнатады. Бұл өнерді әлем мойындаған. Айтайын дегенім біздің Ортеке одан артқы болмаса кем емес, бізде аң билейді, оның биіне күймен сүйемелдеу жасалады. Осыны қайта жандандырып, дамыту керек. Жаңағы конкурсқа келіп түскен күйлерді жинап, осы «Ортеке» жинағын жинап, кітап етіп баспақшы ойымыз да бар.

Халықаралық шаңқобызшылар байқауына қатысып, 1-орын иелендіңіз, тағы қандай конкурстарға қатыстыңыз? 

Бұл байқау дүниежүзілік деңгейде болды. Байқауда қазақтан әділқазы бар да, қатысып жатқан қазақ жоқ екен. Сол қазыны қолдау мақсатында видеомды салған болатынмын. Қатысқанның өзінде орын алам-ау деген ой болған жоқ. Бірақ қазақтан ешкім шықпады деп айтпасын деп қатысқан едім. Өйткені шаңқобызды жасайтын шебер де жоқ, орындаушылары да тым аз. Намысқа тырысып қатысқан болатынмын. Бірінші орынды алып кетемін деген ой болмады. Кейін Юлиянамен эфирге шықтық. Сол кезде оған осы аспапты зерттеп жүргенімді, әзірге өзім жаңғыртып жасаған бір ғана нұсқасы бар екені айттым. Олардың да аспаптарын көрдім, алатын нәрсесін алдым. Музыкант ретінде алған алғашқы жеңісім. Өте қатты қуандым. Неге алғашқы жеңісім деп тұрмын. Өйткені мен байқауларға қатыспаймын. 

Ал шебер ретінде қатысқаным, 2019 жылы зергерлер конкурсы болды. Ол жерде тапсырған жұмысым - керамикадан жасалған алма. Ол аспапқа «алма-сырнай» деген ат бердік.  Сонымен 20 зергер ұсынған 20 жұмыстың ішінен «Алма-сырнай» үздік деп танылды.

Сіз тек ағаштан ғана емес, қазақтың көне аспаптарын сүйектен де жасайды екенсіз. Сүйектен аспап жасау қиын ба, қанша аспап сүйектен жасалған?

Ертеректе мал сойылған кезде оның терісі ертоқымға да, қамшыға да, киімге де қолданылған. Жылқының тұяғына дейін, сиырдың мүйізіне дейін кәдеге жарайтын болған ғой. Сүйектен жасалған аспаптың біздегі түрі жіліншік деп аталған. Біздегі батырлар жырында да бұл аспап кездеседі. Зынданға тастаған батырлар, сүйектен аспап жасап шығайық дегені бар.


Мүмкіндік болса көне аспаптардың бір-екеуінің тарихына, жасалу жолына тоқтала кетсеңіз. 

Қылқобыз, асатаяқ, сылдырмақ секілді шулы аспаптардың барлығы бақсылық жолмен келген. Дабыл, даңғыра дегендердің барлығы әу баста музыкалық аспап болған жоқ. Бұл жаугершілік заманнан келген аспаптар. Дыбыстық сигнал беру, немесе әскерді сапқа тұрғызу, бір қырдан екінші қырға белгі беру, жаудың бағытын, соғыстың бағдарын айту үшін қолданылған. Қазір бұлардың барлығы жинақталып музыкалық аспап ретінде ауысты. Бұған үлкен үлес қосқан Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Дәркембай Шоқпарұлының жұмысының нәтижесінде қайта музыкалық аспаптарға ауысты. 

Мал шаруашылығынан келген аспаптар: сақпан, тоқылдақ, тұяқ. Бұлар малды үркітуге арналған.
Аңшылықтан келген аспаптар: мүйізсырнай, бұғышақ деген секілді. Қамысқа кірген аңды мәдениетті түрде үркітіп шағыру үшін қолданылған. 

Мен сізге осы ретте бір әңгіме айта кетейін. Ертеректе қазақ жерін жолбарыс мекен еткен. Сырдарияның бойын қамыс керемет жайлаған уақыттар. Қамыс арасынан жолбарысты үркіту үшін қазақтар доңыз қауақ деген аспапты пайдаланған екен. Ол аспап жолбасырстың дауысын шығарады. Сонда жолбарыс мына жер басқа жолбарыстың территориясы екен деп сескенетін болған. Сол аспап ұмытылып кеткен екен. Бір кісінің егініне көрші үйдің сиырлары кіре берген екен. 1969 жылдары ұмытпасам. Сонда әкесі баласына сен ол кісімен дауласып жүргенше, доңыз қауақ істе де бір рет тартып жібер, сиырлар үркіп, жоламайды деген. Жас бала ғой, ол аспапты білмей әжесінен сұрайды. Әжесі болса «піскен қауақтың төменгі жағын қиып алып, ішін тазалайсың, бір жағына тері тартасың да, ішінен бір елі қыл шығарасың сол қылды түбінен түйіп, мақта шүберекпен тартып қалсаң, тері дірілдеп жолбарыс ақыратын дауыс шығарады» деген. Соны жасап, сиырлар келгенде тартып қалғанда, жаңа,ы дауыстар сиырлар қашып, қайтіп келмеген деседі. 

Сол аспап маған қызық болды. Мен аспапты жасап көрдім. Сіздер өз тараптарыңыздан осыған бір шығарма шығарыңыздаршы деп «ХасСақ» ансамбліне сыйға бердім. Олар «Тұран жолбасыры» деген күй шығарды. 

Бала Азаматтың арманы орындалды ма?

Бала кезімде көп нәрсені армандадым. Ең үлкен арманым фермер болу еді. Мал бағу болатын. Әлі де қызығамын. Бұйырса осы аспаптарды жүйелеп болғаннан кейін фермер болғым келеді. Бұл жерде жасанды ештеңе жоқ, барлығы табиғи, барлығы баяғысынша таза. Мен үшін өте қызық. Қазір үлкен қалада мал шаруашылығын көріп шабыттандым. Асыл тұқымды мал ұстау секілді дүниеге қатты қызығамын. 

Жыл басы Наурыз келді, қазақ еліне тілегіңізді айтып жібереңіз.

Еліміз аман болсын. Шекарамыз бұзылмай, жеріміз аман болсын. Қазақ әлемдік көштен қалмаса екен деймін. Заманауи бағытта дами отырып, өзінің құндылықтарын жоғалтып алмасын. Ғасыр бойы жасасып келе жатқан, салт-дәстүріміз сақталсын. Осы күнге дейін елдігіміздің, белгісі осы қағидалар. Жыл басы Наурыз әр шыңарыққа береке-ырысымен келсін. 

P.S. Сұхбат барасында Азаматтың арманына таңғалғаным бар. Бәзбіреулер үлкен мінберден сөйлесем, қолымда билік болса екен дейді. Азамат қазірдің өзінде атойламай, жаһанға жар салмай, өзінің аспаптарын жасап, сыйға тартып, оған құн сұрамай «осыған бір шығарма арна» деп қазақылықтың дәнегін сеуіп жүргендей. Бір ғана Ұлар туралы видеосында қаншама мән-мағына жатыр. Бұл жерде оны ұларын іздеген азамат қана емес, елінің, табиғатының жанашыры екенін көреміз. Сонымен қатар сазсырнайды жасырып, өскелең ұрпақты көненің көзіндей болып жеткен аспаппен таныстыруының өзі қандай... 

Енді «бала Азаматтың» арманы орындала ма, жоқ па, ол енді уақыт еншісінде...






Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы