Олимпиада чемпионы жалақысыз қалды ма? Еңбекмині дауға қатысты үн қатты
Вице-министр Ербол Тұяқбаев ведомство бұл мәселе туралы әлеуметтік желіден білгенін айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегіндегі жалақы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік бұл жағдайды әлеуметтік желі арқылы білген.
Мен оны таңертең көрдім. Бұл – Туризм және спорт министрлігінің құзыретіндегі мәселе. Бізге жалақы төленбегені туралы ресми өтініш түскен жоқ, – деді Ербол Тұяқбаев Мәжіліс кулуарында.
Журналистер вице-министрден "спортшы ресми шағым түсірмесе де, министрлік араласа ала ма?" деп сұрады. Алайда Тұяқбаев қазіргі таңда нақты ақпарат жоқ екенін айтты.
Мәселені анықтау керек, жалақы не себепті төленбегенін түсіну қажет. Нақты ақпарат жоқ. Қазір қандай да бір болжам айта алмаймын, – деді ол.
Бұған дейін Спортты дамыту дирекциясы Шайдоровтың жалақысы туралы мәлімдеме жасаған еді.