Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апаты: Полиция тың дерек айтты

UFC спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс соңғы сатыда және жақын арада сотқа жіберіледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, тергеу ісі шамамен аяқталды және соңғы соттық сараптама нәтижесін күту қалды.

Қылмыстық іс аяқталу сатысында. Осы аптада соңғы сот сараптамасы алынады. Содан кейін күдікті тұлғаның әрекеттерін құқықтық тұрғыда бағалап, материалдарды прокуратура арқылы сотқа жолдаймыз, – деді Санжар Әділов.

Журналистердің сұрағына жауап беріп, вице-министр апат Ақмола облысында болғанымен, тергеуді сол облыстың полиция департаменті жүргізіп жатқанын атап өтті.

Қылмыстық істі аймақтық полиция департаменті тергеп жатыр және қазіргі уақытта аяқталу сатысында, – деді ол.

Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы – Екатеринбург тас жолында болды. Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қарағанды облысынан Алматыға келе жатқан Toyota Land Cruiser 200 жүргізушісі көлікті басқара алмай қалып, көлік аударылған.

Көлікте UFC спортшысының жұбайы мен кішкентай ұлы болған. Апат салдарынан екі адам көз жұмды, ал Гүлайым Рахмонова мен оның баласы ауруханаға жеткізілді

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы