Шаукенова: Бір реттік президенттік билік монополиялау тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Зарема Шаукенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу бастамасының мәнін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәстүр бойынша Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы азаматтардың ерекше назарын аударды. Әдетте, бір күн бұрын сарапшылар Мемлекет басшысы нақты не туралы айтады екен деп болжам жасаған еді. Экономика немесе әлеуметтік мәселелер, құқық қорғау немесе сот жүйесі, сыртқы немесе ішкі саясат туралы, Үкіметті отставкаға жіберу немесе Парламентті толығымен таратуды жариялай ма, жоқ па деген болжамдар болды. Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауы еліміз үшін саяси дамудың сапалық жаңа кезеңі басталғанын байқатты. Президент тағы да мемлекеттің ұзақ мерзімдік мүдделері ол үшін билік пен жағдаяттық беделден маңыздырақ екенін тағы да нанымды түрде көрсетті, – деді Зарема Шаукенова.
Ол Мемлекет басшысы президенттік сайлауды биыл күзде өткізуді жәй ұсынып қана қоймағанын, кейбір сарапшылар көктемде осындай жорамалдар жасағанын айта кетті.
Ең маңыздысы және революциялық мәні бар – ол бір реттік президенттік билік идеясы. Жаңа сайлау циклінің уақыты мен реттілігін жұртшылыққа жария ету Президенттің шешім қабылдаудағы ашықтық қағидаттарына адалдығына сәйкес келетіні сөзсіз. Ал Президент өкілеттігін бір мерзіммен шектейтін бастама қабылданса, жаңа саяси дәуірдің басталатынын көрсетеді, – деді Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті.
Сарапшының айтуынша, қазіргі президенттік республикалардың көбі жоғары мемлекеттік лауазымдар үшін мерзім шегін белгілейді. Мысалы, демократия тірегі АҚШ-тың саяси дәстүрі 1947 жылы АҚШ Конституциясына 22-ші түзетудің қабылдануымен, 1951 жылы ратификациялануымен заң жүзінде бекітілді, ол президенттік билікті екі мерзімнен артық атқаруға тыйым салады. Түзетуді жақтаушылар бұл шектеусіз президенттік билік диктатураға көбірек ұқсайтынын алға тартты.
Демократия тірегі – АҚШ тарихында елді екі мерзім басқарған 14 президент (барлығы 46) бар. Үшінші мерзімнен бас тарту дәстүрінің негізін АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтон енгізген. Оның мұрагерлері Томас Джефферсон, Джеймс Мэдисон және Джеймс Монро да үшінші мерзімге үміткер болудан бас тартты. Олар мұны Конституцияда тиісті шектеулер болмаса да, билікті шексіз ұстау дәстүрін тудырмауды өздерінің парызы деп санайтынымен түсіндірді. АҚШ тарихында бір ғана президент – Франклин Рузвельт бұл межені еңсерді. Рузвельттің төрт рет президенттік сайлауда жеңіске жеткені белгілі. Бұл ретте оның өзі де дәстүрді бұзып, үшінші мерзімге сайлауға түспейтінін бірнеше рет айтты. Алайда жағдай одан да күштірек болды. Рузвельт қайтыс болғаннан кейін АҚШ Конгресі Конституцияға түзету енгізді, ол күні бүгінге дейін президенттік билікті екі мерзіммен шектейді.
Президенттік билік бар елдерде президент өз қалауынша қызмет атқара алмайды. Президенттің қолында тым көп өкілеттік болғандықтан оның өкілеттігі әрқашан шектеледі және оны бір адамға белгісіз мерзімге беру орынсыз болады. Сондықтан көптеген мемлекеттерде президентке қатарынан екі мерзімнен астам билікте болуға тыйым салынады.
Президенттік мерзімдердің саны мен ұзақтығын қайта қарау қажеттілігі пісіп-жетілді. Мемлекет басшысы президенттік мандатты қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Президенттің дәлелдері мынадай: бір жағынан, жеті жыл кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім болса, екінші жағынан, президенттік мандаттың бір мерзіммен шектелуі мемлекет басшысының ұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша назар аударуын қамтамасыз етеді. Президент ұсынған конституциялық жаңалық билікті монополиялау тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді, ол үшін оның қалыптасуы мен жұмыс істеуінің өркениетті қағидаттарын белгілеу қажет. Жаңа президенттік жүйе сайлаушылардың сенімін айтарлықтай арттырып, сол арқылы саяси орнықтылық пен қоғамның тұрақты дамуын нығайтады, – деп сөзін түйіндеді Зарема Шаукенова.