Шәукенова: Адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарема Шәукенова айтты.

Ол 2021 жылы Президент «Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы қабылданғанын атап өтті. Көп ұзамай-ақ Үкімет оны іске асыру бойынша негізгі шаралар жоспарын бекітті. 

Қазіргі таңда адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету елдегі саяси күн тәртібінің басым бағытының бірі. Сондықтан адам құқықтары саласындағы іс-шаралар жоспарларын кеңейту бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі туындады. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2022 жылғы 13 сәуірде «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 9 маусымдағы № 597 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, Үкіметке адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы шаралар жоспары бекіту тапсырылды. Онда бірқатар жұмыс бағыты көрсетілген. Атап айтқанда, әйелдерді кемсітуді жою, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету мәселесі бар, - деп түсіндірді Шәукенова. 

Сондай-ақ бірлесу бостандығы құқығы, мүгедектігі бар адамдарға қатысты адам құқықтарына қатысты жұмыстар жүргізілуі тиіс. Қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын да сақтауды ілгерілету көзделіп отыр. Адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтары,  БҰҰ-ның органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру секілді мәселелер де ескерілген. 

Қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтарына қатысты шаралар Президенттің ерекше бақылауында екенінде айтқан жөн. Сондай-ақ құқық қорғаушылар мен бүкіл қоғам да бұл мәселеге ерекше назар салып отыр. Мемлекет басшысы 16 наурызда Парламентте «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында осы мәселені көтерді. Жолдау қарсаңында Мәжіліс қабырғасында Қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің аралық қорытындысы талқыланды. Бұрын-соңды мұндай кең талқылау болған емес. Жиын барысында құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар, сондай-ақ Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова сөз сөйледі. Омбудсмен бірқатар дерек келтіріп, өз ұстанымын жеткізді, - деді сарапшы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов депутаттарға аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатқанын айтты.

Басқалар секілді полиция қызметкерлерінің де кемшіліктері бар, қауіпті және тез әрекет жасауды талап ететін оқиғаларға жиі тап келетінін бәріміз мойындаймыз. Бірақ баршаға белгілі құқық бұзушылық істерді «өте әсірелеу» немесе жекелеген «жаман полицейлердің» ісі деп мәлімдейтіндер мынаны естен шығарып алады. Мұндай қадам арқылы адам құқықтарын бұзуды ақтайтынымызды ұмытып кетеді. Осылайша, заңның әділдігін қамтамасыз етіп, оның күзетуі тиіс адамдар – полицияға деген сенімге нұқсан келтіреміз. Жолдауда азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуге жүйелі тәсілді енгізу қажеттігі айтылған. Бұған жауапты орган – Бас прокуратура. Бұл тәсіл тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етеді. Құқық қорғау саласында озбырлық жасағандарды жазаға тартуға жол ашады, - деді ол.

Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығын жүзеге асыру жоспары еліміздің заңнамасын жетілдіруге басымдық бермек. Атап айтқанда, дене күші мен арнайы құралдарды қолдануды шектеу, Ыстамбұл хаттамасына сәйкес азаптау істерін тергеп-тексеру әдістемесі бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген. Сондай-ақ азаптауға қатысты шағымдар иесінің құпиялығын қамтамасыз ету де көзделген. 

Жалпы, бұл Жарлықтың қабылдануы мемлекетіміздің саясаты адам құқықтары саласындағы баршаға ортақ халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталғанын көрсетеді. Сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі міндеттерді мақсатты түрде жүзеге асыратынын білдіреді, - деп түсіндірді Зарема Шәукенова. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы