11 Наурыз 2026, 18:06 Фото: t.me/consot_kz

Мәжіліс депутаты қазақстандық жастарға үндеу жасады

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, қазақстандық жастарды референдумға қатысуға шақырды.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Қазақстан жастарына үндеу жасап, жаңа Конституция жобасының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Ата заң – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі құжат, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, қазақстандық жастарды референдумға қатысуға шақырды.

Бұл үндеуімді ең алдымен Қазақстанның жас азаматтарына арнағым келеді. Бүгінде жасы жиырма, жиырма бес, отыздағыларға. Өзімнің замандастарыма: қазіргі заманғы әрі тәуелсіз Қазақстан қалыптастырған буынға, – деді депутат.

Оның айтуынша, әлемдегі өзгерістердің қарқыны кейде қоғамға өз еліндегі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік бермей жатады.

Кейде әлемнің қалай өзгеріп жатқанын, технологиялардың өмірімізге қалай еніп жатқанын, шетелден келетін жаңалықтардың бәрін қалай төңкеріп тастайтынын байқамай да қаламыз. Соның салдарынан соңғы жылдары еліміздің қалай өзгергенін аңғармай қаламыз.
Біз бұл өзгерістерге соншалық үйреніп кеткенбіз, тіпті маңызды жаңалықтардың өзі тез арада үйреншікті нәрсеге айналады. Бірақ бір сәт тоқтап, сырт көзбен қарасақ, бір нәрсе анық байқалады: Қазақстан мүлде басқа елге айналды, – деді Шаталов.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандықтардың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кеңейген.

Бүгінде қазақстандықтар әлем бойынша еркін саяхаттайды, жетекші университеттерде білім алады, халықаралық мансап құрып, ірі инвесторлардың сеніміне ие болатын стартаптарды іске қосып жатыр. Шамамен 90 мыңға жуық азаматымыз шетелде білім алып, елімізді әлемдік академиялық кеңістікте танытып жүр. Әлемде өз азаматтарына осындай ауқымды әрі жүйелі қолдау көрсете алатын мемлекеттер көп емес, – деді ол.

Сонымен қатар депутат Қазақстандағы мәдени және діни келісімге де тоқталды.

Қазақстанда түрлі мәдениеттер мен діндер бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Біз әртүрлілік жағдайында өмір сүруді үйрендік және оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдаймыз. Біз Наурыз бен Рамазанды, Рождество мен Пасханы бірге атап өтеміз. Бұл – біздің ортақ болмысымыз, – деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, елде цифрлық экономика да қарқынды дамып келеді.

Сонымен қатар цифрлық экономика дамып жатыр. Қаржылық технологиялар, электронды мемлекеттік қызметтер, цифрлық платформалар – мұның бәрі миллиондаған адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Тіпті бес жыл бұрын мұның бәрі фантастикалық көрінетін. Ал қазір біз бұлсыз өмірді елестете алмаймыз, – деді ол.

Шаталов Қазақстанда өндіріс саласы да жаңарып жатқанын атап өтті.

Қазақстанда өнеркәсіптік жобалар белсенді дамып келеді. Ата-аналарымыз армандай да алмаған жаңа технологиялық өндірістер іске қосылып жатыр. Сонымен қатар экономиканың тірегіне айналған бұрынғы алып кәсіпорындар да қайта жаңғыртылып жатыр, – деді депутат.

Сонымен бірге ол қазіргі әлемдегі тұрақсыз жағдайға да тоқталды.

Бірақ бір маңызды нәрсені түсіну керек. Бұл өзгерістердің бәрі өте күрделі әрі тұрақсыз әлем жағдайында болып жатыр. Бүгінде біздің көз алдымызда ауыр дағдарыстар мен қарулы қақтығыстар өршіп жатыр. Соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай бізге өте жақын аймақта өрбіп жатыр. Әлем барған сайын турбулентті әрі болжауға қиын болып барады, – деді Шаталов.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда мемлекет рөлінің маңызы арта түседі.

Осындай жағдайда күшті әрі жауапты мемлекеттің маңызы ерекше айқын көрінеді. Қазақстан мұны жақында іс жүзінде дәлелдеді. Қысқа уақыт ішінде мемлекет қақтығыс аймағынан азаматтарымызды эвакуациялап, қауіпке тап болған шамамен 10 мың қазақстандықты елге алып шықты, – деді ол.

Депутат мұны мемлекеттің өз азаматтары алдындағы жауапкершілігінің айқын мысалы екенін айтты.

Бұл – қазақстандық паспорттың артында мемлекеттің нақты қорғанысы мен жауапкершілігі тұрғанының дәлелі, – деді ол.

Осыған байланысты ол жаңа Конституцияның маңызы ерекше екенін атап өтті.

Сондықтан бүгін біздің еліміздің Негізгі заңы қандай болатыны аса маңызды. Өйткені дәл осы құжат біз үйреніп қалған мүмкіндіктер мен кепілдіктерді қалыптастырады. Мемлекеттің күші де соған байланысты, – деді депутат.

Шаталов жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталды.

Жаңа Конституция жобасы Парламент пен өкілді институттардың рөлін күшейтеді, тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің заманауи механизмдерін бекітеді, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтеді. Адам бірінші орынға шығады. Мемлекет азаматқа бейімделуі керек, керісінше емес, – деді ол.

Депутат Конституцияның қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.

Конституция – жай ғана заңдық мәтін емес. Бұл қоғамның, мемлекеттің және экономиканың дамитын шеңбері, – деді ол.

Сонымен қатар ол жаңа Конституцияны тәуелсіздік ұрпағының құжаты деп атады.

Белгілі бір мағынада біз дауыс беретін Негізгі заң жобасы – тәуелсіздік буынының Конституциясы. Сондықтан онда бекітілген құндылықтар болашаққа бағытталған. Ғылым мен шығармашылықты дамыту басымдығы, ой еркіндігі, адам құқықтарын қорғау, отбасы институтын қорғау, білім беру жүйесінің зайырлы мәртебесі – осының бәрі жаңа құжатта көрініс табады, – деді Шаталов.

Оның айтуынша, бұл құжат тәуелсіз Қазақстанда туған жаңа буынның болашағына арналмақ.

Бұл – тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келіп, қалыптасқан адамдар өмір сүретін құжат. Олар басқа мемлекетті білмейді және XXI ғасырда еліміздің болашағын анықтайтын да солар, – деді депутат.

Сөз соңында ол жастарды референдумға қатысуға шақырды.

Сондықтан қазіргі буынның Негізгі заңды қалыптастыруға қатысатын сирек мүмкіндігі бар. Референдум – әр азамат “Мен өз елімнің Конституциясын қабылдауға қатыстым” деп айта алатын сәт, – деді ол.