"Шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдау қажет". Бектенов әкімдіктерге тапсырма берді

Болашақ егінге арналған тұқым қорын 100% қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданды. Атап айтқанда, жеңілдетілген қаржы көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Бектенов.

Бектеновтің сөзінше, ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылған.

Алдағы жылы бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, диқандар тұқыммен, жеңілдікті отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты
шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуге тиіс. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауға тиіс, – деді Олжас Абайұлы.

Үкімет басшысы болашақ егінге арналған тұқым қорын 100% қамтамасыз ету қажетін айтты.

Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітсін. Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өндірілген өнімді өткізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте, дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа нарықтарға да экспортты ұлғайту мәселесін пысықтаған жөн. Өңір әкімдіктері келесі жылы қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемін 1,9 млн тоннаға дейін жеткізуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі отандық өндірушілермен бірге диқандар үшін тыңайтқыштың қажетті көлемін шығаруға алдын ала қамдануы керек. Өз кезегінде өңір әкімдіктері жеткізу шарттарына уақтылы қол қойып, қоймаларда тыңайтқыштардың қажетті қорын қамтамасыз етсін, – деді Бектенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы