11 Қараша 2026, 19:47 Фото: advantour.com

Шарын шатқалы әлемдегі каньондар мен шатқалдар рейтингінде 17-орынға ие болды

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы басты табиғи көрікті орын әлемнің ең үздік шатқалдарының қатарына енді. Шарын «The Worldworthy 100» халықаралық рейтингінде 17-орынға тұрақтады.

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің хабарлауынша, 2026 жылғы рейтингке 46 елден 100 каньон мен шатқал кірді. Worldworthy тізімді саяхатшылардың пікірлері мен ұсыныстары, журналистік зерттеулер және ашық мәліметтер негізінде жасақтайды. Рейтинг редакциясы паркке арнайы лауреат сертификатын жолдады.

Шатқал асау Шарын өзенінің бойымен 154 шақырымға созылып жатыр. Тік құздардың биіктігі кей жерлерде 150-300 метрге дейін жетеді. Ол Алматыдан шығысқа қарай 200 шақырым жерде, Қытай шекарасына жақын орналасқан.

Шарынды жиі АҚШ-тағы Үлкен каньонның (Grand Canyon) кіші бауыры деп атайды. Шарын америкалық алыпқа көлемі жағынан жол бергенімен, көрінісінің әсерлілігі жағынан кем түспейді. Жел мен су ғасырлар бойы шөгінді жыныстардан мұнараларға және қабырғаларға ұқсас ғажайып мүсіндерді қашап шығарған.

Шатқалдың ең танымал бөлігі – туристердің көпшілігі баратын «Қамалдар алқабы». Бірақ шын мәнінде Шарын бес каньоннан тұрады. Қамалдар алқабынан бөлек, мұнда адам азырақ, ал пейзаждары кем түспейтін Темірлік, Сары, Қызыл және Бестамақ каньондары бар.

Шарынның тірі реликвиясы да бар. Өзен алқабында соғды шаған ағашының тоғайы сақталған. Бұл ағаш мұнда тарихқа дейінгі дәуірде өскен және Жер бетінен жоғалып кете жаздаған.

Шарын ұлттық паркі шатқалды, оның табиғатын және сирек кездесетін мекендеушілерін сақтау үшін 2004 жылғы 23 ақпанда құрылған. Бүгінде мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді.