Шарын, Көлсай және Іле-Алатау парктерінде туризм дамытылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада аталған үш паркте экологиялық туризмді дамытуға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ, «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ арасында экологиялық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойылды.

Шараға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты. Құжаттарға жоғарыда аталған мекеме басшылары қол қойды.

Мағзұм Мырзағалиев еліміздің табиғи парктерінде экологиялық туризмді дамыту өзекті екенін айтты.

«Бүгін маңызды күн деп ойлаймын. Себебі меніңше, бүгін біздің ұлттық табиғи парктеріміздің жаңа тарихы басталады деп айтуға толық негіз бар. Республикада барлығы 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Шарын, Іле-Алатау және Көлсай көлдері парктерінде тұрақты туризмді дамыту үшін жаңа басқару моделі сынақтан өтеді», - деді Мырзағалиев.

Ақтоты Райымқұлова да бүгін еліміздің ұлттық табиғи саябақтарында экологиялық туризмді дамыту үшін алғашқы аса маңызды қадам жасағалы отырғанын айтты.

«Kazakh Tourism» АҚ үш мемлекеттік саябаққа туризмді тұрақты дамыту үшін әлемнің үздік тәжірибелерін қолдану арқылы басқарудың жаңа моделін пилоттық нұсқада ұсынып отыр. Бұл модельдің арқасында жобалар сәтті іске асқан жағдайда аталған тәжірибе Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық ұлттық саябақтарға енгізіледі», - деді Райымқұлова.

Атап өтсек, бірлескен жұмыс аясында Қазақстандағы туризмді дамытудың тың әдістерін әзірлеу және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған оңтайлы инфрақұрылым жобаларын дайындау жоспарланған. Яғни, аталған жобалар ұлттық парктердегі бірегей экологиялық жүйені сақтай отырып, туристердің белсенді демалысын ұйымдастыруды көздейді. Бұл мақсатта инвестиция тартуға арналған нақты аумақтар белгіленеді.

Экологиялық туризмді дамытудың жаңа үлгісін енгізу арқылы 2025 жылға дейін туристердің санын 1,3 млн-нан 3,4 млн-ға жеткізу көзделуде. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында 20 мың жаңа жұмыс орнын құру және алдағы 5-7 жылда 100 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы