Шаруашылықтарды есепке алу деректерін сапалы өзектендіру қажет – Жұманғарин
Серік Жұманғарин АӨК-тегі шаруашылықтар бойынша есепке алу деректерін қысқа мерзім ішінде жаңартуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте шаруашылықтар бойынша есепке алудың электронды жүйесінде деректерді жаңарту жөніндегі жұмыстың аралық қорытындылары қаралды.
Мал мен құс басы бойынша ақпаратты алдын ала талдау нәтижесі деректерге рақымшылық жасау бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігінің төмен екенін көрсетті.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кейбір өңірлерде деректерді бұрмалау фактілері бар екенін атап өтті. Жуырда ғана ветеринарлық инспекторлар екі облыстың жекелеген ауылдарын аралап, электронды жүйедегі ақпараттың нақты мал санынан 30-70% айырмашылығын анықтады.
Кеңесте Ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдарының республикалық палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев сөз сөйледі. Палатаның мәліметінше, елімізде 2,2-2,5 млн-ға жуық литр сүт өндіріледі, ал ресми статистика бойынша 2023 жылы сүт сауымы 6,3 млн тоннаны құрады.
Шаруашылықтар бойынша есепке алу деректерін сапалы түрде өзектендіру қажет. Бұл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы бойынша статистиканы қалыптастырудың негізгі ақпарат көзі. Оларсыз ауыл шаруашылығын тиімді жоспарлап, дамыту мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әр өңірмен және аудан әкімдерімен шаруашылықтар бойынша есепке алу деректерін дұрыс толтыру мәселесін пысықтауды, ал әкімдіктерге деректерді электронды есепке алу жүйелерінде қысқа мерзім ішінде өзектендіруді тапсырамын, - деп мәлімдеді Серік Жұманғарин.