Шаруаларға әкімшілік жүктеме жақын арада төмендейтін болады – Смайылов

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында елдегі ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі – «МИЛХ» ЖШС барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Компания сүт өнімдерінің 120-дан астам түрін шығарып, оны ішкі нарыққа және Ресей Федерациясының  аймақтарына экспортқа жөнелтеді. Алдағы уақытта кәсіпорын Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. 

Компания зауыттарында заманауи жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. 2023 жылы неміс серіктесінің қолдауымен ірімшіктер шығаратын жаңа өндірістік кешен іске қосылады. 

Премьер-министр агроөнеркәсіп кешеніндегі басты міндеттердің бірі ауыл шаруашылығының өңделген бәсекеге қабілетті өнімдерін, атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыру екенін атап өтті.

Өзімізді толық қамтамасыз етіп, шетелдік нарықтарға шығуымыз керек. Бұл бағытта үлкен әлеуетіміз бар, — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр кәсіпорында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу өткізді, онда агроөнімдерді қайта өңдеу және экспорттау, жұмыс орындарын құру, субсидиялау, жеңілдікті несие беру, суару, жемшөп дайындау және т. б. мәселелер талқыланды.  

Әлихан Смайылов мемлекет өндірушілерді қолдауды кезең-кезеңімен, оның ішінде субсидиялау және кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыру арқылы кеңейтуді жалғастыратынын атап өтті.  

Биыл ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі 2 есеге артты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік саланы нығайту тұрғысынан аса маңызды. Біз жұмсалған әрбір теңгенің өнімділігі мен тиімділігін арттыруға ниеттіміз, — деді Премьер-министр.  

Жүйелі мәселелер апта сайын қаралады, бизнестің мәселелерін шешеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір осы саладағы кәсіпкерлерге қойылатын барлық талаптарды қайта қарап жатыр, олардың 20%-ға жуығы қысқартылатын болады. Тиісінше, бизнеске әкімшілік жүктеме жақын арада төмендейді, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы