Шаруаларды тұншықтыра берсек, ауыл шаруашылығынан біржола айырыламыз – депутат

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров шаруалар мен лизингтік компанияларға салынған салықтық талаптардың күрт өсуіне байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен салықтық есептілікте қателіктерді жою қажеттігі туралы хабарлама алған.

Мәжілісте сауал жолдау барысында Қожаназаров бұл талаптардың жалпы сомасы 32 миллиардтан астам теңгені құрайтынын айтты. Мемлекеттік кірістер комитетінің негізгі шағымы резидент еместерден түсетін табысқа салынатын салыққа байланысты. Фермерлердің айтуынша, бұл талаптар сыртқы сауда аясында жасалған келісімдерге қатысты, ал барлық салықтық және кедендік рәсімдер заң талаптарына сай жүргізілген. Алайда, олар қанша түсіндіруге тырысып жатсада, уәждері қабылданбайды. Өңірлік басқармалар шаруаларға банктік шоттарын бұғаттап, шаруашылық қызметін тоқтату туралы ескерту жасап жатыр.

Respublica партиясы мұндай қысымның болашақта егін егу науқанына кері әсерін тигізіп, ауыл шаруашылығы секторына зиян келтіруі мүмкін екендігін алға тартып жатыр. Осыған байланысты депутаттар мәселені тереңірек қарау және шаруалардың жағдайын жақсарту үшін шешімдер қабылдау мақсатында жұмыс тобының құрылуын ұсынды.

Жалпы біз кедендік тәртіпті фермерлерге салық төлетіп салмақ салу үшін емес, керісінше, аз уақыт ішінде керек құрылғыларын кедергісіз өткізіп алсын деп енгізген едік қой. Мемлекеттік кірістер комитетінің еңбек адамдарына деген солақай саясаты жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Мұндай қысымнан кейін кім ауылға барып жұмыс істегісі келеді? Шаруалар қауымын бұлай тұншықтыра берсек ауылшаруашылығы саласынан біржола айырыламыз, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің жалақысын көтеруді ұсынғаны туралы жазғанбыз. Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи "резервтегі әскери адамға" заң аясында қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін түсіндірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы