Шаруаларды Германияда не таңғалдырды?

Қазіргі жастарды таңғалдыру қиын. Дүниенің бәрі жақын, оңай әрі тез болып көрінеді. Әсіресе, қалаға кеткенін ауылға қайтару оңай емес, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Сондықтан ауылда мал бағатын жасты көрсек қуанамыз. Сондай азаматтардың арасында ақтөбелік Ерсайын Бурин мен Момынжан Қали бар.

26 жастағы Момынжанның ата кәсібін жалғаймын деген құлшынысы таңғалдарды. Бала күнінде ауылда үйренгенін, есейгенде жоғары біліммен бекіткен.

Атам 1991 жылы ашқан балық шаруашылығы бар. Балықтың түр-түрін өсіріп сатып көрген. Қазір карптың (тұқының) түрлері, бекіре балықтың бәрін өсіреміз. Әр балықтың паспорты бар. Себебі 25 жылда бір рет туатын балықтың қаншалықты қымбат екенін білесіз. Атамның кәсібін жалғағым келді. Ағам екеуміз Мәскеуде балық шаруашылығы мамандығын бітірдік. Ағам келісімшартпен Грузияға кетті. Ал атам кәсібін маған табыстады. Жауапкершілік жоғары. Не дегенмен атамның жолын жалғаймын. Соған сай болуым керек. Оның үстіне бейнеті көп шаруашылық. Сондай-ақ, бұл кәсіптің болашағы зор екенін білемін, – деп бөлісті ойын Момынжан.

Іnbusiness.kz-тің мәліметінше, Момынжанның шаруашылығында Шағын фермерлік қожалықтарда жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жоба аясында күн панельдері орнатылды. Жоба Жапонияның қаржылай қолдауымен БҰҰ даму бағдарламасы мен "Атамекен" ҰКП палатасы іске асырып жатыр. Қазақстандық 10 шаруашылыққа ЖЭК пайдаланатын құрылғылар орнатылды. Бәрі – пилоттық фермалар.

Шаруашалықта инкубациялық цех бар. Соған электр энергиясы көп жұмсалады. Сол себепті жоба аясында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін қойылған күн панельдері оған энергия беріп тұр.

Біз электр энергиясын көп тұтынамыз. Инкубация, икра алуға үздіксіз 3,5 ай керек. Тоқтаусыз ток кетеді. Маған 5 кВаттық панель орнатылды. Соның өзі инкубациялық цехымызға және 10-15 тонналық мұздатқышымызға электр береді. Мен үшін экономикалық жағынан үлкен үнем. Оның үстіне алдағы уақытта шаруашылықты үлкейткім келеді. Ол кезде де электр үнемдеуге сұранысым артады, – деді балықшы.

Сонымен қатар, арнайы білімі бар Момынжан көктем шыққанда балыққа УЗИ жасайды.

Көктемде әр балықты УЗИ аппаратымен тексеремін. Қай бекіре нешінші стадияда екенін анықтайды. Бесінші стадиясын жинап, ұрығын аламыз, – деді ол.

Ерсайын мен Момынжан жоба аясында Германияға оқуға келген алты кәсіпкердің қатарында. Шаруалар Баварияның оңтүстігіндегі Фрайзинг қаласындағы биогаз құрылғыларының шығу тарихымен танысты. Кезінде бұл аймақтың фермерлері көңнің жағымсыз иісін жойғысы келеді. Сонда ғалымдар араласып, биогаз қондырғыларымен мәселені шешуге кіріседі. Қала биогаз қондырғылары шыққан аймақ болып есептеледі және мұнда Неміс биогаз қауымдастығының штаб-пәтері орналасқан. Оған 4,7 мыңнан астам кәсіпорын кіреді.

Бүгінде Германияда 10 мыңға жуық биогаз қондырғысы бар, олардың қуаты 6 мың мегаватт. Бұл жылына 33 тераватт энергия өндіруге мүмкіндік береді - Германияның барлық генерациясының 10%. Осы типтегі жаңартылатын энергия көздері маңызды, өйткені олар түнде күн батареялары жұмыс істемегенде электр энергиясын өндіруге, ал ол генерацияны теңестіруге мүмкіндік береді, – деп таныстырды қауымдастықтың халықаралық байланыс бөлімінің басшысы Себастьян Штолп.

Биогаз алу үшін шикізат – әртүрлі органикалық қалдықтар, яғни мал фермаларының қалдықтары, дақылдарды өңдеуден қалған өсімдік қалдықтары, дүкендерде мерзімі өткен азық-түлік өнімдері және полигондарға апаруға тыйым салынған тұрмыстық органикалық қалдықтар.

Германияда жүріп, елдің электр энергиясына қаншалық тәуелді екенін көріп отырмыз. Қажеттіліктен жаңартылатын энергия көздеріне деген сұраныс артқан. Осы сапардан да неміс шаруалары әлдеқайда алға кеткенін таңғалып отырмын. Әркім өзін-өзі электрмен қамтып отыр, – деп бөлісті сапардағы ойын Момынжан.

Ал Ерсайын Буриннің биогаз құрылғыларына қатысты жоспары бөлек. Себебі оның шаруашылығында мұндай қондырғы бар.

Биогаз құрылғысының пайдасын немістер баяғыда біліп қойған. Мен елдегі фермерлерге үлгі болғым келеді. Күн панельдері, биогаз қондырғысы бар. Бәрімізде сондай болса, артық энергияны сатуға болады, – деп бастады әңгімесін ақтөбелік шаруа.

Ерсайын қазір 40-қа келді. Мал шаруашылығында жалғыз емес, әкесі және ағасы – үшеуінің отбасылық фермасы бар.

Біз қалада жер үйде тұратынбыз. Екі ғана сиыр болды. Өзімізге күнделікті сүтке жарайтын. Бірақ қала ұлғайды, заң өзгерді, қалада мал ұстауға тыйым салынды. Ол уақытта ағам екеуіміз де ер жетіп, әкемізге көмек болдық. Сол екі сиырымыз бүгінде 3 отбасын асырайтын үлкен фермаға айналды, – деді Ерсайын.

Қазір Ерсайын әлеуметтік желінің арқасында сүтін тез әрі қолайлы бағада сатып отыр. Көбі оны "блогер фермер" ретінде де таниды.

Әлеуметтік желіге қажеттіліктен келдім. Көп қиындық болды. Сүт зауыттары бірнеше рет сүтімізді алып жүрген жерінен тоқтатты. Бірақ әрбір жаңа сүт зауытына келгенде сүтіміздің бағасы артып отырды. Біз сүтіміздің сапалы екеніне кепіл береміз. Бір күні сүт цехы сүт алудан бас тартқанда, әлеуметтік желіге келдім. Қазір сол желінің арқасында сүтімді сатып, ешкімге тәуелді емеспін. Оның үстіне, сүттің сапасын көрген клиент көршісіне, туысына айтады. Сөйтіп сарафанное радио арқылы да келеді. Өңірдегілер біздің сүттің сапасына сенімді, – деді Ерсайын.

Ал, жоба аясында оның шаруашылығына күн панельдері орнатылған. Енді оның фермасында баламалы энергия көздерінің екі құрылғысы бар.

Жобаға қуана-қуана келістім. Себебі алдағы уақытта балық шаруашылығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде күн панельдері арқылы энергияны, оның ақысын үнемдей аламын, – деп бөлісті жоспарын блогер фермер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: inbusiness.kz
Өзгелердің жаңалығы