Шаруалар жатақхана студенттеріне картоп таратты

Павлодар ауданының шаруалары екі тоннадан астам картопты Торайғыров университетінің студенттеріне таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Павлодар ауданының көкөнісшілері жатақханада тұратын студенттерге 50 қап картоп әкеліп берді. Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов, жастарға азық-үлікпен көмек көрсетуді ұйғарған шаруаларға алғысын білдірді.

«Азық-түлік бағасы арзан емес екені белгілі. Сондықтан, картоптың өзі студенттерге үлкен көмек. Студенттік жастарға қолдау көрсеткен шаруалар қауымы мен Павлодар ауданының басшылығына рахмет айтамыз», - дейді Еркін Садықов.

Павлодар ауданы – әу бастан картобымен танылған өлке. Өңір шаруалары дәмдік қасиеттері мен табиғилығымен ерекшеленген көкөніс тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие. 

«Павлодар аудананың шаруаларына қатарластарымның атынан рахметтен басқа айтарым жоқ. Облысымызда "фудшеринг" бағытының дамып жатқаны қуантады. Азық-түлікпен қамту - студенттер үшін үлкен қолдау, көмек.  Біз пайдалы тағамдарды тұтынып, дұрыс тамақтанғымыз келеді. Павлодарлық картоптың дәмін бүгін кешкі ас үстінде татып көреміз», - дейді университет студенті Дильназ Бектасова.

Биыл аймақтың көкөнішілері бір гектар алқаптан 300 центнер картоп жинап жатыр. Жиын-терім науқаны барысында облыста 560 мың тонна картоп алынады деп күтілуде. Облыс халқы бұл көлемнің 75 мың тоннасын тұтынса, қалған өнім тұқымдық сақтау мен алыс-жақын шетелге экспортталады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы