"Шаршап қалмаңыз!". Енді ChatGPT шектеу қоя бастайды
Енді ChatGPT пайдаланушыларға жасанды интеллектпен сөйлесуден үзіліс жасау қажеттігін еске салатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі azertag-қа сілтеме жасап.
Егер пайдаланушылар жасанды интеллектпен (ЖИ) тым ұзақ сөйлессе, ChatGPT чат-боты оларға үзіліс жасау керектігін ескертеді. Мұндай жұмсақ ескертулер чаттағы қалқып шығатын терезелер (всплывающее окно) арқылы көрсетіледі. Пайдаланушы бұл ескертуді басқаннан кейін ғана чатпен әңгімені жалғастыра алады.
Бұл жаңашылдық ChatGPT мен пайдаланушылар арасындағы "дені сау" қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталған.
Бұған дейін чат-боттың нақты емес немесе қауіпті жауаптар берген жағдайлары болған. Мұндай жауаптар адамдардың денсаулығы мен психикалық жағдайына қауіп төндірген.
Бағдарламаны жасаушы компания бұл кемшіліктерді мойындап, ChatGPT-ті пайдаланушылардың сұраныстарына мұқият әрі жауапты түрде әрекет ететіндей етіп жаңартуға уәде берді. Енді бағдарлама бірден жауап берудің орнына, пайдаланушыға мәселені жан-жақты ойластыруға, сұрақтар қоюға және белгілі бір жағдайдың артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалауға көмектеседі.
Бастапқыда әзірлеушілер чат-ботты "пайдалы, қолдаушы әрі қолдануға жағымды" етуді көздеген. Алайда іс жүзінде бұл чат-боттың пайдаланушыларға "жағымпаздануына" және олардың айтқанына үнемі келісуіне әкеліп соқты. Бұл кей жағдайда пайдаланушылардың ашуын тудырған.
Сарапшылардың айтуынша, ChatGPT-мен қарым-қатынаста үзіліс жасау пайдаланушыларға әңгімені объективті бағалауға және бағдарламаның шынайы әрі дұрыс жауап беріп жатқанын тексеруге мүмкіндік береді, - деп жазады Engadget порталы.
Еске салайық, бұған дейін Apple Siri-ді жаңартып, ChatGPT-ге бәсекелес жүйе жасауды қолға алғанын хабарладық.