Шарджада екі қазақстандықтың мәйіті табылды: СІМ тергеу барысын бақылауда
Ақжан мен Жұлдыз Боханованың өліміне қатысты БАӘ құзырлы органдары тергеу жүргізіп жатыр. Қазақстанның Бас консулдығы отбасыларына көмек көрсетуде.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап бере отырып, Шарджа қаласында (БАӘ) қаза болған Қазақстан азаматтары Ақжан Боханова мен Жұлдыз Боханованың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасыларына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Атап айтқанда, консулдық тиісті құжаттарды рәсімдеуге, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының қаза болу мән-жайларын анықтау бойынша Әмірліктердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуде.
Оқиғаның нақты мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.
БАӘ-нің құзыретті органдары қазақстандықтардың қаза болу жағдайларын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қазіргі уақытта қосымша ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады СІМ.
Министрлік қаза болғандардың отбасыларымен тұрақты байланыста екенін және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін БАҚ-та екі қазақстандық қыздың Шарджада қаза болғаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұмдардың туыстары қыздардың зорлықпен өлтірілгеніне күмән келтіргенін айтқан. Алайда бұл ақпаратты ресми органдар әзірге растамады.