Шардарада «Жастар» аллеясы ашылды
Қазақстанның Экологиялық қорының бастамасымен Түркістан облысы, Шардара қаласындағы Майлықожа көшесінің бойынан «Жастар» аллеясының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республика күніне орай 100-ден астам ағаш отырғызылып, ескерткіш орнатылды.
Аталған шара «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөнiндегi шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» гранттық жобасы аясында Ақпарат және әлеуметтік даму министрлiгi мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ықпалымен ұйымдастырылып отыр.
Аллеяның дәл осы өңірде ашылуы кездейсоқ емес. Шардара – Арал өңiрiнiң экологиялық қолайсыз аумағында орналасқан қала. Ал бұл экошараның маңызы жоғары. Көшеттері бар аллея тұрғызу арқылы белгілі бір аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, қала тұрғындарының денсаулығын сақтау және нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, экологиялық мәдениетті насихаттауға мүмкіндік береді, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Аллеяның ашылу салтанатына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Ғалым Құрман, «Қазақстанның Экологиялық қоры» жобасының жетекшісі Айгүл Абдуалиева, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, Шардара қаласы әкімдігінің өкiлдерi, табиғатты қорғауды мақсат тұтқан түрлі ұйымдар, жергiлiктi белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Одан соң қонақтар «Шардара Армспорт» клубына барып, чемпион жастармен кездесті.